Кеше Шиелі ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде «Әйелдер бастамасы – қоғам дамуы» тақырыбында аудандық әйелдер форумы өтті. Оған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Қаламқас Каримова, Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет және түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді әйелдер қауымы қатысты.
Шараны ашқан аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз сөзінде ауданда әйелдерге көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталып, олардың қоғамдағы орны мен рөлін жоғары бағалады. Сондай-ақ әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және отбасылық өмірдегі белсенділігін арттыру – аудан дамуының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Форумда бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, «Отбасылық зорлық-зомбылық» тақырыбында аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Досым Әбуов баяндама жасап, статистикалық деректер мен алдын алу шараларына тоқталды. «Әйел. Өмір. Парасат» тақырыбында «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратованың, «Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар» тақырыбында «Семізбай-U» ЖШС «Иіркөл» филиалының жөндеу-қалпына келтіру учаскесінің жұмыстарын есепке алу операторы Ақерке Қабылованың, «Жеңіл өнеркәсіп – бизнес бастаудың қайнар көзі» тақырыбында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің өндірістік оқу шебері Маржан Мәдиеваның және «Қазақ әйелі: өмірде – нәзік, істе – мығым» тақырыбында жеке кәсіпкер, «Ассорти Шиелі» дәмді шұжықтарының негізін қалаушы Әйгерім Балтабаеваның мазмұнды баяндамалары тыңдалды.
Форум соңында ауданның қоғамдық-саяси және әлеуметтік өміріне белсенді атсалысып жүрген бірқатар нәзік жанды марапатталды.
Сурет: Шиелі ауданының әкімдігі