2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары сынды шамамен 3,9 млн адам декларация тапсыруға міндеттеледі. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.
Айта кетейік, 2021 жылы 1 қаңтардан Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілген еді. Бұл жылы мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары — шамамен 580 мың жеке тұлға декларация тапсырған еді.
«Биыл екінші кезеңде — мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары — шамамен 2,1 млн адам қамтылды. Ал үшінші кезеңде — 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Бұл шамамен 3,9 млн адамды қамтиды», — деді Ержан Біржанов Сенаттың қаржы және бюджет комитетінде өткен отырыста.
Төртінші кезеңде — 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылым қызметшілері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы адамдар, студенттер және басқалар) ұсынатын болады.
Мұнда 6,4 млн астам адамды қамту жоспарлануда. Жалпы алғанда, жалпы декларациялау жүйесіне 13 млн жуық адам кіруі қажет.
«Жалпыға бірдей декларациялау жүйесінде жеке тұлғалар барлық шетелдік активтерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін көрсететін „кіріс“ декларациясын ұсынуы керек. Мәселен: шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік; шетел банкіндегі 7,3 мың АҚШ долларынан жоғары ақша; шетелдік компанияға қатысу үлесі; бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т. б.); үлестік қатысу шарты; алтын құймасы; зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері; 34,5 млн теңге шегінде қолма-қол ақша; нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен қарыз шарты; құны 3,4 миллион теңгеден асатын басқа мүліктер», — деп түсіндірді Қаржы вице-министрі.
Декларацияны тұрғылықты жері бойынша 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Оны «салық төлеушінің кабинеті», электронды үкімет веб-порталы, «e-salyqАzamat», Halyk, Банк Центркредит мобильді қосымшалары арқылы іске асыруға болады.
Сурет ашық дереккөзден алынды.