Бауыржан Қамзаев мәрмар тастан ыдыс жуғыш жасаудың қыр-сырын былтыр сырт жақтан үйреніпті. Осы бағытта бизнес жоспар жасап, 5 миллион теңгеге жуық грант жеңіп алған. Ол ақшаға керек-жарақ қондырғы сатып алып, кәсібін бастап кеткен. Бүгінде мәрмар тастан өнімнің бірнеше түрін жасап, ішкі нарыққа шығарып отыр. Жас кәсіпкер келешекте үлкен цех ашып, кәсібін кеңейтпек.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында осындай мүмкіндікке ие болдым. Тұрмысқа, дұрысы, үй жағдайына өте қажет раковиналар шығаруға кірістім. Бұл жоба бойынша кәсіпкер болуға ынталылар өзінің жаңа бизнес идеялары арқылы қол жеткізе алады. Өзім «NOMAD» жеке кәсіпкерлігін құрып, раковинаның әр түрін шығарудамын.
5 млн теңгеге жуық қайтарымсыз қаржы алған кәсіпкер жігіт шағын баспана ішінен ашқан цехта «NOMAD» белгісімен 12 түрлі раковина шығарады. Түрлі дизайнмен дайындалатын өнім жасанды мәрмәр тастан құйылады.
- Оларға қажетті шикізатты да өзімізден табуға болады. Мысалы, бұған Аралдың «Шөміш» ауылы маңынан шығатын кварц құмы, сондай-ақ кальцит, сұйық шайыр (смола), мрамор ұнтағы, гелькоат және түрлі түс беретін пигменттер кіреді. Осыларды өз заңдылығымен араластыра отырып, түрлі формадағы қалыпқа құямыз. Ал раковинаны құятын арнайы қалыпты Шымкенттен алдырдым. Өзім де керек қалыпты істеп алуды сонда үйрендім. Жалпы бұл кәсіпке келуіме көбіне-көп ата-анам, жұбайым қолдау көрсетті. Тағы бір айта кететінім, жергілікті өнімді сатып алуға ынталы кәсіпкерлер жоқ емес. Мысалы, сантехникалық заттар сататын «Рамазан» сауда үйінің иесі алдын ала тапсырыс беріп, өзімізден шығатын өнімді қолдап жүр, – дейді Бауыржан.
Шығаратын өнімнің бағасы 21 мың мен 32 мың теңге аралығында. Сырттан келетін раковиналарға қарағанда әлдеқайда арзан әрі сапалы. Сондай-ақ Бауыржан қосымша екі адамды жұмысқа алған. Шағын цех ішінде барлық керекті құрылғы-жабдығы бар. Келешекте жуыну бөлмесіне арналған ванна да істеп көрмекші.
Алғаш рет басталған жобаның қадамы әзірге жаман емес. Жергілікті тұрғындар кәсіпкердің арнайы әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы өнімді көріп, сатып алуда. Ал Бауыржанның айтуынша, аталған раковина түрлері жаз айларында, әсіресе, құрылыс пен үй жөндеу жұмыстары басталғанда көптеп сатылатынға ұқсайды. Әзірге үйге қажетті өнімнің өз өңірімізден шығатыны қуантып тұр.