Географиялық нұсқама дегеніміз не?

30
0


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік  меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды», – деп атап өткен болатын.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың құқықтық құралдарының бірі осы саладағы бұзушылықтардың жолын кесу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады. Нақтырақ айтқанда, бөтеннің тауар белгілерін заңсыз пайдалануды болдырмау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.  Осы орайда, 2022 жылғы 20 маусымда ұлттық заңнамаға «географиялық нұсқама» жаңа өнеркәсіптік меншік объектісі енгізілді.

Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңына сәйкес географиялық нұсқама дегеніміз – географиялық объектінің аумағынан шығарылатын, белгілі бір сапасы, репутациясы немесе басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен байланысты тауарды сәйкестендіретін белгілеме. Осы географиялық объектінің аумағында тауардың сипаттамаларының қалыптасуына елеулі әсер ететін, оны өндірудің кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылуға тиіс.

Белгі тек белгілі бір аумаққа қатысты өнімнің шыққан жерін көрсететін болса ғана географиялық нұсқаманың қызметін атқара алады.

Географиялық нұсқамаға берілген құқық оның иелеріне өнімдері қолданыстағы стандарттарға сәйкес келмейтін үшінші тұлғалардың географиялық нұсқаманы пайдалануына жол бермеуге мүмкіндік береді. Алайда, қорғалатын географиялық нұсқама өз иесiне осы нұсқамаға арналған стандарттарда белгіленген технологияны пайдалана отырып, басқа тұлғалардың оған ұқсас өнiмдердi өндiруiне тыйым салу құқығын бермейдi. Әдетте, географиялық нұсқаманы қорғау нұсқама қызметін атқаратын белгіге құқықтарды алуға негізделеді.

Географиялық нұсқама әдетте ауылшаруашылық өнімдеріне, тамақ өнімдеріне, шараптар мен спирттік ішімдіктерге, қолөнер мен өнеркәсіп өнімдеріне қолданылады.

Тауар шығарылған жердің атауына қарағанда, негізінен географиялық нұсқама осы зияткерлік меншік объектісінің болашағына әсер ететін бірқатар артықшылықтарға ие. Осылайша, белгіні географиялық нұсқама ретінде тіркеу үшін тауардың ерекше қасиеттері болмауы мүмкін, ал өтініш беруші негізінен географиялық аймақтың табиғи жағдайларымен және (немесе) адами факторларымен анықталатын ерекше қасиеттерді дәлелдеуге міндетті емес.

Сонымен қатар, географиялық объектінің аумағында тауар өндірудің барлық кезеңдері жүргізілмеуі керек, яғни, бір ғана кезең жеткілікті. Қорғанысқа тек ауызша емес, біріктірілген белгілер, атап айтқанда, бейнелі, ауызша, әріптік және т.б. жатады.

Осы артықшылықтардың барлығы жалпы алғанда өтініш берушілер үшін икемді қорғаныс талаптарын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының 4 бабының 4 тармағына сәйкес, тауар белгісінің иесі куәлікте көрсетілген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзіне тиесілі тауар белгісін пайдалану мен оған иелік етудің айырықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесінің келісімінсіз ешкім де пайдалана алмайды.


Шахар  БЕГЕЖАНОВА,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы.

Сурет gov.kz


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: