Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне жуырда алынған азамат сот үкімімен 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Ол отбасындағы жанжал кезінде әйеліне қол көтерген.
Қазіргі таңда азамат пробация қызметінің бақылауымен қала аумағын тазалау жұмыстарын атқарып жүр.
Есептегі азамат өз әрекетіне өкініш білдіріп, ашуға бой алдырғанын мойындады.
«Әйеліме дауыс көтеріп қана қоймай, қол жұмсағаным – үлкен қателік. «Тамақ жасамадың» деп артық кеттім. Әйел адамның нәзік жан екенін ескермедім. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» демекші, сабыр сақтай алмағаныма өзім кінәлімін. Енді жасаған әрекетім үшін жауап беріп, қоғамдық жұмыс арқылы қоғамға пайдамды тигізуге тырысып жүрмін», – дейді ол.
Пробация қызметінің инспекторлары есепте тұрған азаматтармен күнделікті профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Басты мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың түзелуіне ықпал ету және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету.