Патентті қалай алуға болады?

11
0


Патенттеу – ойлап тапқан дүниеңізді бөтен біреудің қолдануына тыйым салу құқығын береді. Патент оны қорғайды және патент иесіне белгілі бір уақыт аралығында оны пайдаланудың айрықша құқығын береді.

  Қазақстанда түрлі өнеркәсіптік үлгі мен нысандар қорғалады және патенттің бірнеше түрі беріледі. Егер зерттемеде техникалық шешім болса, ол өнертабыс немесе пайдалы үлгі ретінде қорғалуы мүмкін. Егер зерттеме сыртқы көрініс бұйымына жатса, онда өнеркәсіптік үлгі ретінде қорғалады.

 Өнертабыс патенті өтінім берген күннен бастап 20 жылға жарамды. Қолданылуына Қазақстан Республикасының заңнамаларында бекітілген рұқсат алу тәртібі талап етілетін дәрілік затқа, пестицид (улы химикатқа) жататын өнертабысқа келер болсақ, патент құқығын растайтын және айрықша құқық беру мерзімі патент иесінің өтінішхатымен ең көп дегенде 5 жылға ұзартылуы мүмкін.

 Өнертабыс үшін патент қағаз түрінде сараптама және «өнеркәсіптік қолданылуы», «әлемдік жаңалық» және «өнертабыс деңгейі» патенттік қабілетінің шарттарына сәйкестігіне қатысты өтінім сараптамасын жүргізгеннен кейін беріледі.

 Өнертабыс ретінде кез келген саладағы өнімге (құрал, зат, микроағза штаммасы, өсімдіктер немесе жануарлар жасушасының өсіріндісі), тәсіл (материалдық құралдардың көмегімен материалдық нысанға әрекет жасау процестер), сондай-ақ танымал өнімдерді немесе тәсілдерді жаңа мақсатта немесе жаңа өнімді белгілі бір бекітуде қолдануға жататын техникалық шешімдер қорғалады.

 Қазақстан Республикасында пайдалы үлгіге берілетін патент 5 жылға жарамды және патент күшін сақтау үшін төлем беру шартымен 3 жыл мерзімін ұзартуға болады (барлығы 8 жыл). Пайдалы үлгіге патент «әлемдік жаңалық», «өнеркәсіптік қолданылу» патенттік қабілеті шартына сәйкестігі тексерілместен, көрсетілген талаптарға қатысты өтінім берушінің тәуекелі мен жауапкершілігі жүктеліп беріледі.

 Пайдалы үлгі ретінде адамдар мен жануарларды емдеудің диагностикалық, терапиялық  және хирургиялық тәсілдерінен өзге өнімге (құрал, зат, микроағза штаммасы, өсімдіктер немесе жануарлар жасушасының өсіріндісі), тәсіл (материалдық құралдардың көмегімен материалдық нысанға әрекет жасау процесстер), сондай-ақ танымал өнімдерді немесе тәсілдерді жаңа мақсатта немесе жаңа өнімді белгілі бір бекітуде қолдануға жататын техникалық шешімдер қорғалады.

 Өнертабыс және пайдалы үлгіге патентті бірыңғай өнертабыс ойымен өзара байланыстырылған техникалық шешімнің бірнеше нұсқасына алуға болады. Кез келген зерттемені өнертабыс немесе пайдалы үлгі ретінде патенттей алмайтындығын түсіну керек.

Өнертабыс және пайдалы үлгі ретінде танылмайтындар:

1.    ашылым, ғылыми теориялар мен математикалық әдістер;

2.    шаруашылықты ұйымдастыру және басқару әдістері;

3.    шартты белгілер, кесте, ереже;

4.    ақыл-ой перациясын орындау, ойын өткізу ережесі мен әдістері;

5.    есептеу машиналарына арналған бағдарламалар және сол сияқты алгоритмдер;

6.    құрылыс, ғимарат,  аумақты жоспарлаудың жобасы мен сызбанұсқасы;

7.    бұйымның сыртқы келбетіне ғана қатысты ұсыныстар;

8.    қоғамдық тәртіпке, адамгершілік пен моральдың қағидатқа қарсы келетін ұсыныстар.

Өнеркәсіптік үлгіге берілген патент өтінім берген күннен бастап 15 жыл бойы жарамды және 5 жылға ұзартуға болады (барлығы 20 жыл). Өнеркәсіптік үлгіге қағаз жүзінде сараптама және «әлемдік жаңалық», «түпнұсқалық» патенттік қабілеттілігі шарттарына сәйкестігі өтінімі бойынша сараптама жасалғаннан кейін патент беріледі. Өнеркәсіптік үлгі патенті өзара шығармашылық оймен байланысқаны үшін көркемдік-конструкторлық шешімнің бірнеше нұсқасына берілуі мүмкін. Мұнымен қоса, кез келген дизайнерлік шешімді өнеркәсіптік үлгі ретінде патенттей алмайтындығын ұғыну керек.



Ж.Асадинұлы,

 Қызылорда облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары 


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: