Қызылорда-Жезқазған автожолының биыл 100 шақырымы аяқталады

18
0

ҚР Үкіметі аппараты басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбеков Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге өңірдегі «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары және Сырдария өзенінің жағдайымен танысты. 

Делегация құрамында ҚР ЭТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағанбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі Мейрхат Қасымбаев және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ сыртқы займдар департаменті директоры Марат Махамбетов бар.

Алдымен аймақ басшысы Ғабит Әбдімәжітұлына Қызылорда су торабының қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстырды. Нысан 1956 жылы салынған. Қазіргі таңда ол 110 мың га суармалы және 250 мың га жайылымдық жерді аяқ сумен қамтиды. Мұнда 2020 жылы басталған қайта жаңғырту жұмыстары барысында сол жағалаудағы шлюз-реттегіш, жаңа су торабы, су бекеттері мен трансформаторлық қосалқы станция салынып, торап аймағы абаттандырылатын болады. Жобаның бас мердігері жұмысты биыл аяқтамақ.

Әрі қарай делегация мүшелері «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту барысымен танысып, жол құрылысына қажетті битумды сақтайтын қоймаларды аралады. Еске салсақ, аталған автокөлік жолын қалпына келтіру мәселесі көптеген жылдар бойы шешімін таппай келді. 2021 жылы Қызылорда облысындағы 204 шақырым бойынша 6 лотқа бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Өткен жылы мердігер мекемелер «Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс корпорациясы» ЖШҚ, «Қыран» ЖШС, «Гуйчжоу жол-инженерлік корпорациясы» ЖШҚ, және «Stecol Corporation» құрылысқа қажетті құжаттарды әзірлеп, дайындық жұмыстарын жүргізді. Биыл мердігер мекемелер жолдың 100 шақырымнан астам бөлігін аяқтауды жоспарлауда, құрылыс материалдарының басым бөлігі қоймаға жеткізілді.

«Қызылорда-Жезқазған жолы - Президенттің тікелей бақылауындағы үлкен жоба. Халықтың да біршама уақыттан бері көтеріп жүрген мәселесі. Сондықтан жолдың сапалы салынуы, мерзімінде аяқталуы өте маңызды. Бұл жоба жол бойы логистикасын дамытып, жол қатынасын едәуір жеңілдетуге сеп болмақ», - деді танысу барысында Ғабит Әбдімәжітұлы.

«Расымен халық бұл жаңалықты ұзақ күтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жоба басталды. Біз өзіміздің аймақтан өтетін жолдың сапалы салынуына атсалысатын боламыз», - деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Түстен кейін Ғабит Сыздықбеков аймақ басшысымен бірге Жаңақорған және Шиелі аудандарына тікұшақпен барып, Сырдария өзеніндегі су деңгейін көріп, жағдаймен танысты. Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 29 су басу қауіпі бар аймақ анықталып, оған 366 арнайы техника және 1137 адамы бар 138 жауапты мекеме бекітілді. Облыстың барлық аумағында өзен бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда. Дариядағы жағдай қалыпты, барлық қажетті материалдар мен техника қамтамасыз етілген.

Сапар соңында ҚР Үкіметі аппараты басшысының бірінші орынбасары өңірдегі жүргізілген жұмыстар табысты аяқталуына тілектестік білдірді.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: