Ішкі істер Министрінің тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысы Полиция департаментіне 10 "Ekin Patrol G2" автокешені және 21 жылжымалы аппараттық-бағдарламалық "Vuewo" бейнетіркеу кешені алынды.
Полициядағы бейнебақылау жүйелеріне ерекше назар аударылып, олар бүгінде ІІМ-нің барлық бөлімшелеріне енгізілген. Жалпы ел бойынша әртүрлі маркалы аппараттық-бағдарламалық кешен Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар және Ақмола облыстарында жұмыс істейді.
Кешендердің жай патрульден айырмашылығы көп. Мұнда 10 камера бар. Оның тоғызы сыртқы, біреуі ішкі бейнені бақылайды. Аппараттың “көру мүмкіндігі” 360 градус. Бұл жүйе жолдағы заң бұзушылықтарды тіркеу үшін патрульдік полиция көліктеріне орнатылады. Оның көмегімен жылдамдықты асырғандар, борышкерлер мен бұрын жүргізу куәлігінен айырылғандарды анықтауға болады.
Қызылорда облысының Бас полицейі өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты үлес қосатын заманауи кешендердің мүмкіндігін тексеріп көрді. Көлік ағыны көбейген сайын, жол қозғалысы да күрделеніп келеді. Бұл жол – көлік оқиғаларының жиілеуінің бірден бір себебі. Жол апаттарына негізінен жылдамдық асыру, маневр жасау ережелерін бұзу, көлікті мас күйде тізгіндеу сияқты жайттар бар.
– Қызылорда облысының Полиция департаментінен алынған панорамалық бейнетіркеудің және көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын анықтаудың мамандандырылған жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешендер жол апатының азаюына ықпал ететіні анық. Былтыр жыл көлемінде облыс аумағында 473 жол-көлік оқиғасы орын алып, 146 адам қаза тапты, 548 адам жарақат алды. Бұл өңіріміздегі көлік жүргізу мәдениетінің әлі де төмен екенін білдіреді. Қабылданған шаралар жергілікті, облыстық, республикалық маңызы бар автожолдардағы жол көлік оқиғалар санын азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мұхтар Қожабаев.
Аталған мобильді патрульдік технология 7 жолаққа дейін бақылауды қамтамасыз ете алады. Мәліметтер базасын басқару арқылы іздестіріліп, ұрланған көліктерді анықтайтын Ekin Patrol G2 күдікті көліктер анықталған жағдайда басқару орталығына дыбыстық және визуалды дабыл жібере алады. Сондай-ақ ол тұлғаны тану мүмкіндігі арқылы құқықбұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, алынған 21 жылжымалы аппараттық-бағдарламалық "Vuewo" бейнетіркеу кешені 360 градусқа бейнетіркеуді жүзеге асырады, сондай-ақ қоршаған орта туралы алынған деректерді жоғары ажыратымдылықта мұрағаттайды.
Жаңа әдістер мен тәсілдерді қолдану жалпы полиция жұмысындағы жедел міндеттерді шешуде тиімді көмек көрсетеді.
Департамент бастығы Мұхтар Аманқұлұлы заманауи кешеннің мүмкіндіктерімен танысып, кешеннің бірегейлігін атап өтті. Қазақстандық полицияның жұмысына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар халықтың тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Insight-EL ақпараттық агенттігі