Ата-аналар Ұлттық қордан балалардың шотына аударылған қаражат сомасын бақылай алады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ата-аналар баланың шотына түсіп жатқан қаражатты көре алады. Осы жоба аясында операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры айқындалып отыр. Қаражатты қордың ресми сайтынан қарауға болады. Мұнымен қоса, Әділет министрлігімен осы бағыттағы мәселелерді пысықтайтын боламыз, яғни смартфондағы eGov mobile қосымшасы арқылы да көруге мүмкіндік жасалады», - деді Дәурен Темірбеков Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен балаларға бірдей сомада ақша аударылады.
«БЖЗҚ-ның да өз қосымшасы бар екенін білесіздер. Атап айтқанда, еліміздегі түрлі қосымшалар қамтып, осы мәселені пысықтаймыз деп ойламын», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында аударылатын қаражат туралы айтты.
Баланың шотына жыл сайын 150-160 АҚШ доллар сомасында қаражат аудары ескерілген.
Шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толғандар ғана пайдалана алады.
Бұл шоттағы қаржыны білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтқан болатын. Осы ретте жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалардың жеке шотына аударып отыруды ұсынды. Ауқымды жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылмақ.