Наурыз айынан бастап елімізде қоғамдық орындарда балағат сөйлегендерге айыппұл 4 есеге артты, яғни, 69 мың теңге айыппұл салынады немесе 30 тәулікке қамауға алынады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев министрліктің апталық брифингінде айтты.
"Бүгінге дейін ұсақ бұзақылығы үшін 17 мың теңгеден сәл астам айыппұл салынатын немесе 15 тәулікке қамалатын. Жаңа редакция бойынша 69 мың теңге айыппұл салынады немесе 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін қамауға алынады. Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің жаңа нұсқасында «ұсақ бұзақылық» ұғымына: қоғамдық орындарда балағат сөздер айту; жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету; ғимараттарға, құрылыстарға, тұрғын үй-жайларға, ортақ пайдалану орындарына, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікке нұқсан келтіру; айналаға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер жатады ", - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі Азамат Құрымбаев.
Түзету жаңа кодекс ресми түрде жарияланған соң 60 күннен кейін күшіне енеді.