Лирика әлемінің шамшырағы

10
0

Фото: Шиелі ауданының әкімдігі

Бүгін «Руханият» орталығында қазақ поэзиясының сыршыл өкілі, лирик ақын Қатира Сыздыққызы Жәленованың 75 жас мерейтойына арналған «Әдебиет пен сезімнің тоғысуы» атты тағылымды кездесу кеші өтті.  

Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз сөйлеп, аудан әкімі атынан мерейтой иесіне ізгі лебізін жеткізіп, арнайы құттықтау хатын табыстады. 

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде Қатира Жәленованың қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесін, оның шығармаларындағы терең лиризм мен адам жанының нәзік иірімдерін ерекше атап өтті.

Айта кетейік, Қатира  Жәленова 1951 жылы 22 сәуірде Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақмая ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. 1973 - 1993 жылдары Қазақ радиосында редактор болып істеген. 

 Ол – «Кел, махаббат», «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» атты өлең жинақтарының авторы. Тәжік ақыны Г.Сүлейменованың «Қырық бұрым» (1983) өлеңдер жинағын аударған.

1979 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың кеңесіне, Түрік дүниесі поэзиясы ІІ фестиваліне қатысқан. Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Абайдың 150 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Облыс әкімінің екі мәрте стипендианты.

Кеш сұхбат форматында өрбіді. Кездесу барысында елінің еркесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Қатира Сыздыққызының өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен әңгімеленді. Ақынның жүрек тербетер жырлары оқылып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар, аудан өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, әдеби-сазды кештің мазмұнын тереңдете түсті. Тағылымды басқосу рухани әсерге толы болып, қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды.




Тағы да оқыңыздар
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: