Суретте автор
Шежре деректеріне сүйенсек, Құрбан атаның Киікші руынан Бекбауыл,Шегір балалары тарайды. Бекбауылдың Бөлтек атасынан бес бала болған: Желкілдек , Боқаш, Мәмбетқұл, Таңатар, Қалбағай. Желкілдек батыр он сегізінші ғасырда, нақтылап айтсақ, 1723 жылдары Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. 1723 жыл қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен белгілі.
Желкілдек Бөлтекұлы орта жүз хандары Әбілмәмбет, Абылайхан тұсында батыр болған, ол тарихта дәлелденген. Абылайханның сенімді серіктерінің бірі, қолбасшы болған. Желкілдек батыр туралы жазушы-журналист Қаныбек Әбдуовтың «Тарихтан тартқан тағылым», жазушы Адырбек Сопыбековтың «Жілкілдек батыр», Жаңақорған аудандық тарихи музейінің директор болған жазушы Ахмет Есіркеповтың «Желкілдек батыр дастаны» кітаптары жарық көрген . Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсынның «Иманға елді ұйытқан Құрбан ата» кітабында көлемді мақала жарияланған. Ғылыми кітап баспасының ұйымдастыруымен қазақ рулары бойынша шығарылған Қоңыраттың төрт томдығына және көптеген тарихи кітаптарға енген. Желкілдек батырдың Түркістан қаласы «Әзрет сұлтан» мемлекеттік тарихи –мәдени қорық –мұражайы ішіне жерленгені анықталып, мұражай ішіндегі тайқазанның жанындағы хан, би, батырлардың тізімі жазылған тақтаға есімі енгізілген.
Енді «Қыстата» туралы «Желкілдек батыр» кітабынан ҚР Журналистер одағының мүшесі,тарихи зерттеуші Жасұзақ Аманбайұлының «Қыстата» мақаласынан үзінді келтірейін.
«Желкілдек батырдың жаз жайлауы Жайылма, Өгіз мүйіз ары қарай Қаратау терскейге дейін қамтыса, қыс қыстауы «Қыстата» жері болған. «Қыстата» жері Қандарал көлімен іргелес дария жағына мүйске орналасқан. Сол аумақтан қарағанда «Бөртескен» теміржол бекеті солтүстік шығыста 3,Төменарық мекені солтүстік батыста 6 шақырым қашықтықта көрінеді. Сыр өзені «Қыстата» жерінен өте «Оймақты» түбегін орай, Төменарық станциясына жақындап, батысқа қайта иіріліп ағатыны мәлім. Негізінен Желкілдек батыр ұрпақтары мекендеген осы жер ел ішінде «Қыстата» әулие атымен байланыстырылады. Ол жерде ескі қорым бар. Молалардың ешбіріне белгі қойылмаған. Жастық шағы «Қыстата» ауылында өткен, қазірде Жаңақорған кентінде тұратын Шырын Төлтайқызы: «Түнгі мезгілде сол зираттарда шырақ жанып тұратын. Біздер жас болсақ та етіміз үйренгендіктен қорықпайтын едік», -деп әңгімелейді.»
ҚР Журналистер одағының мүшесі, тарих зерттеушісі Шайдарбек қажы Әшімұлы өзінің «Әзиз әулиелер» атты кітабында Қыстатаның әулие кісі болғанын, өмір сүрген кезі белгісіз екенін, жергілікті тұрғындар перзент, ауруына шипа тілеп басына түнеп тұратынын баяндаған. Автор одан әрі Қысты ата туралы Мырзабайұлы Арыстанбай қажы мынадай естеліктер айтады. « Желкілдектің ұрпағы менің Бабыр деген әрі әулие, әрі емші кісі болған төртінші атам осы Қыс атаның ұрпағы деген сөз бар»,-деп жазған. /160-БЕТ/ Әдепкіде пайда болған «Қыстата» антропонимкалық атау кейін келе топономикалық жер атына да айналған деп ойлаймыз. Осы жағдайында қыс қыстаудың қолайлығына байланысты әулие кісі ол атауды иеленген десек, онымыз нанымсыз емес. Аймақ еліне кеңінен танымал Айқожа ишан, кезінде өзінің екінші ұлы Исмайыл мағзымды, Киікші ру аталары топтасқан «Қыстата» жеріне мұсылмандық жолына пір ретінде жіберіпті. Ол кезде Желкілдек батырдың ұлы Беркімбай атамыз ғұмыры дауірінде шамамен 1830-1840 жылдар екен. Сол заманда мешіт үйі тұрғызылып, онда бес уақыт намаз оқылыпты. Ауыл балалары Исмайыл мағзұмнан тәлім алып, тіл сындырған, хат таныған. Сол дәуірлерде біршама үлкен ауыл болған «Қыстата» жеріндегі зиратта Желкілдек батырдың ұлдары, келіндері мен ұрпақтары және өзгеде адамдар жерленген сияқты. «Қыстата» әулие аруағының тылсым қасиеттері жайында ел арасында әңгімелеушілер баршылық екенін Жасұзақ ағамыз айтады. Сонымен қатар, Желкілдектің Беркімбай баласынан тарайтын Жұмагүл апамыздың ұлы Жасұзақ ағамыз «Қыстата» ауылына осыдан алпыс алты жыл бұрын алты жасқа толар шағымда нағашылар ауылына алғаш барысымдағы ес біле көргендерім осылай жадымда қалыпты деп көптеген көрген оқиғаларын сипаттайды. Ол кез шамамен 1945-1946 жылдары болса керек, сол кезде де «Қыстата» ауыл болып отырған.
«Иманға ұйытқан Құрбан ата» кітабында тарихшы Хазретәлі Тұрсын ағамыз Жаңақорған атырабында Қыр мен Сырды ен жайлап, өсіп - өнген Киікші атаның Бекбауыл әулеті кәмпеске қарсаңында 600 шаңырақтан асқан екен. Байлығы мен билігі шалқып тасыған, сәні мен салтанаты жарасқан, байлары мен билері, батырлары мен ақындары, күйшілері мен шабандоздары өзгелерді тамсандырған іргелі ел еді. Қазіргі күні, жетпіс -сексен жыл өткен соң да қарымы осы, неге дейді. Себебі Сталиндік наубеттерге байланысты еді. Осы әулеттен қуғынға түскен Айдар молда Биімбетұлын/1871-1930/ ерекше атауға болады. Ол 1886-1901 жылдары Бұхарада «Көкілташ» медресесінде Тұрмағанбет Ізтілеуевпен бірге оқыған. Ата пірі Дуана қожа ұрпағы Айқожа ишанға қарасты Ысмайыл, Ысқақ мағзымдардың қазіргі Сунақ ата каналының сағасындағы «Қысты Ата» мекеніндегі мектебін қалыпына келтіріп, молдалық жасайды. Оның мектебінен дәріс алған Шайық,Тұрсынбек, Шайхыслам, Құдаш, Нұрділдә, Заhид, Әшірбек, Ыбрай сияқты азаматтар кейіннен ел ішіндегі имандылықтың ұйытқысы, ислам дінінің нағыз жанашыры болған. Тұрмағамбет Ізтілеуов өзі молдалықтан ақындыққа ауысқанмен биліктің қуғынынан құтыла алмаған, ал молдалық жасаса, мектеп ұстап дінді насихаттаған Айдар молданың аман қалуы ақылға симас та еді. Айдар молда қамауға алынып Шымкенттің қалалық түрмесінде жатқан да қаладағы Бабайдың Уәшіне хат жазады. Уәш түрмеге келгенде Айдар молда қайтыс болған екен. Ол да осы күнге дейін ақталған жоқ дейді. Енді Қыстатадағы Айдар молданың мектебін оқыған жоғарыда аты аталған молда аталарымыз менің білуімше Бөлтек атаның баларынан тарайды, яғни Желкілдек батырдың бауырларынан. Мысалы, Шайық молда Қалбағай батырдың, Тұрсынбек Желкілдек батырдың , Заhид, Ыбрай Боқаш атаның ұрпақтары. Қыстатадағы діни мектеп терең білім бергенге ұқсайды, себебі аты аталған молда аталарымыздың ел ішінде көрсеткен кереметтері ерекше екенін айта кетейін. Ыбырай молда бір жағынан бағыбан екен. Далаға қора істемей -ақ тары егіп тастап төрт бұрышына қазық қағып, бір шүберек орап тастаса болды мал түспейді екен, тары пісіп жинап алған соң, төрт қазықты алып тастағаннан кейін мал жайылыпты. Ыбрай молданың қызы Есенкүл апамыз пайғамбарымыздың туылғанынан өлгеніне дейінгі жазылғандарды жатқа білетін құйма құлақ кісі еді. Мен Желкілдек батырды зерттеп жүргенімде сол кісімен 79 жасында сұхбаттастым, былтыр тоқсан төрт жасында өмірден озды. «Бірде Шайық молда үйге келіп әкем Ыбраймен ілім арқылы жасалатын кереметтер туралы әңгімелерін естіп едім,ол кезде бала едім» деп көп оқиғаларды баяндады. Осыны мен ауылдық кеңестің төрағасы болған Анарбеков Асылбек ағама айтқанымда, ол кісі ондай кереметті көрсету жағдайы діни ілімді терең меңгерген әулие кісілерде болатынын айтты. «Тұрсынбек молда әкем қатты ауырып хал үстінде жатқанда бір сандық үлкен діни кітаптары болатын, сол кітаптарды жанып тұрған темір пешке сал деді. Мен қимай басқа кітаптар салып едім, өзі ішінен бір дұғаларды оқып уф,уф дегенде пеш лапылдап жанып жатты. Өзі қиналып діни кітаптарды салмапсың ғой деді, мен қорықанымнан сандықтағы барлық қалың кітаптарды пешка лақтырдым , солай барлық кітапты өртеп жіберді, мен ол кезде 7-8 жасар бала едім. Ол кітаптардың не құдыреті барын кім білген, мен өлгеннен кейін ниеті жаман адамдардың қолына түспесін дегені шығар» деп еді.
Ал, Заhид атамыз біз енді қызметке араласа бастағанда қайтыс болды. Ол кісі мықты молда еді атпен жүретін, бірде біздің үйге құран бағыштауға келді. Атын есік алдындағы электр бағанасына байлаған еді, мен 7-8 жасар баламын қызықтап аттың шылбырын шешіп үстіне міндім, бой бермей шауып алып қашып кетті. Тура бір километр жердегі үйіне барып тоқтады. Мен ердің басынан мықтылап ұстап алғам құдай сақтап құламадым.
Беркімбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» деген кітабын оқығанымда Қармақшы төңірегіндегі әулие кісілердің біздің молда аталармыз көрсеткендей кереметерін таңғажайып баяндайды. Соған қарағанда аталарымыз діни ілімнің шыңына шыққанға ұқсайды.
Жалпы Желкілдек батырдың жаз жайлауы «Өгіз мүйіз» қыс қыстауы «Қыстата» ауылы десек, батырдың әкесі, атасы, бауырлары, ұрпақтары, келіндері «Өгіз мүйізге» жақын «Құтты қожа» әулие қорымына және «Қыстата» әулие қорымына жерленген. «Құтты қожа» қорымында Жаманқұл бидің қызы Бейсенкүл әжеміз жатыр. Әжем «мені әкемнің қасына жерлеңдер» деп айтты дегенді естігенмін, әкесі Жанамақұл би де сол жерге жерленген. Ал «Қыстата» әулие басында нақты ата-бабамыздың қайсысы, кімдер жатқанын біле алмадым. Арыстанбай көкем атасы Әшірбектің осы жерде жатқанын анық білетінін айтты. Әкесі Мырзабай бейітін көрсткен екен.
Жазушы, композитор Асылбек Қыраубаев ағаманан бабасы Қалбағай батырдың қайда жерленгенінен хабарыңыз бар ма деп сұрағанымда «әкем Мүтәліп Төменарыққа жақын Сырдарияның бойындағы ескі мазарда, ол қай жер екенін білмеймін» деп еді. Ол жер «Қыстата» екені сөзсіз. Асылбек ағам өмір бойы сыртта жүргендіктен «Қыстата» әулие туралы білмеуі де мүмкін. Ал Әшірбектің інісі атақты керуен басшысы атам Мәмірайымұлы Орынбайдың қайда жерленгенін біле алмадым. Сондықтанда «Қыстата» әулиеде жатқан ата-бабаларымыз ескерусіз қалмасын деп басына Қызылорда қаласынан арнайы Киікші атадан бері қарай жеті атамызды үлкен көк тасқа жаздырып әкеліп, сол әулиеге жақын жерге қойып, қоршап, төбесін жауып, ішіне құран оқығанда отыратын орындық жасап қойдық. Көктас орнатып жатқанда Тәжіхан молда, Арыстанбай қажы, Келесбек, Мейрамбек ағаларым, Сәндібек, Бақытжан інілерім т.б бауырларымыз келіп басында болып құран бағыштадық. Кейіннен тас қойылып біткесін бәріміз батырдың ұрпқтары, келіндері әулиенің басына барып құран бағыштап, Арыстанбай көкеміздің үйінде берілген асқа қатысып едік.
Енді әулиетімізден тағы кімнің бейітіне белгі қойылмаған деп қарасақ Әшірбек атамыздың баласы жетпісінші жылдары өмірден озған Пәзілбай көкем мен Күләнда апам, Темірбек ағамның басына белгі қойылмай қалған екен. Соларға Қызылордадан үш көк тасты жаздырып «Красная звезда» ауылындағы, «Майтөбедегі» бейітіне қойдық.
Жалпы өмірден озған ата-бабамыздың басына белгі қою, атын атап құран бағыштау біздің перзенттік парызымыз деп білемін.
Жанарбек Орынбаев,
«Желкілдек батыр», «Перзент парызы» қоғамыдық
қорларының президенті