Фото: Anadolu
Газа секторындағы палестиналық дәрігер Хусам Әбу Сафияның бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылуы соғыс кезінде өз міндеттерін атқаруды жалғастырған медицина қызметкерлерінің ерлігін мойындау болды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Оның кандидатурасын ұсыну туралы бастама дәрігердің ерекше батылдығы мен адамгершілігін мойындаған Нидерландтың Doctors for Gaza ұйымына тиесілі. Оның кандидатурасын қолдаған петицияға 40 мыңнан астам адам қол қойған.
Газа секторындағы дәрігер бірнеше айға созылған қоршау кезінде төзімділік пен адамгершіліктің символына айналды. Қорқыту мен үздіксіз атқылауға қарамастан, ол пациенттерін тастап кетуден бас тартып, 2024 жылдың желтоқсанында Израиль күштері тұтқындағанға дейін ауруханада қалып отырды.
Қорғаушысының мәліметінше, доктор Әбу Сафия қазір Израиль билігінің қолында сотсыз және ауыр жағдайда қамауда отыр, бұл оның денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды палестиналық БАҚ.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың қазан айында дәрігердің 15 жасар ұлы Ибраһим Израиль шабуылы кезінде қаза тапқан. Дәрігер Хусам соған қарамастан ұсталғанға дейін ауруханада жұмысын жалғастырды.