Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында елде инфляцияның айлық көрсеткіші құбылып отрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурыз айында ең жоғары мәнге жеткен соң, біртіндеп төмендеуде, бірақ ол ақпанда 1,3%-ға дейін аздап жеделдеді. Осылайша айлық инфляция құбылмалы болып тұр және 5 жыл ішіндегі орташа жылдық мәннен асатын деңгейге жетті. Жылдық мәнде ақпан айындағы инфляция құбылып тұр», - деді Ұлттық банк басшысы.
Сондай-ақ, ол Ұлттық банк ақпан айында кезекті болжамды раундты аяқтағанын еске салды.
«Жаңа деректер мен сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, инфляция болжамы биыл 9-12%-ға дейін, 2024 жылы 6-8%-ға дейін қайта қаралды, 2025 жылы өзгеріссіз – 4-6% деңгейінде сақталды», - деді ол.