Теңгенің дизайны неліктен өзгертілді - Ұлттық банк жауабы

8
0


Фото: Александр Павский / Kazinform

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ұлттық валютаның дизайны неге өзгеріп жатқанын түсіндірді.

 - Тәуелсіздік жылдарында ұлттық валютаның енгізілгеніне 32 жыл болды. Осы уақытта үш рет өзгерді. Бастапқыда алғашқы теңге шықты, содан кейін 10-шы жылдары өзгеріс болса, енді 20-шы жылдары осындай бастама жүзеге асып жатыр. Менің ойымша, «теңгенің дизайнын жиі өзгеріп жатыр» деп айту - қисынсыз. Бұл жағдайға әртүлі қырынан қарауға болады. Біреулер доллардың дизайны өзргеріссіз басылып жатқанын алға тартуы мүмкін. Дегенмен, әр елде өзінің таңдауы бар, - деді Т. Сүлейменов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, дизайндағы өзгеріс жалған ақша басатындарға тосқауыл қою үшін, сондай-ақ ұлттық қолма-қол ақшаны, банкноттарды дамыту тұрғысында керек. Бұл жұмыстардың барлығын Ұлттық банктің дизайнерлік тобы жүзеге асырды.

- Атап айтқанда, бұған қосымша қаражат жұмсалмады. Бұл ақша, купюралар қалай болғанда да басылып шығатын еді, яғни ескі банкнот қалай басылса, жаңасы да солай шығады. Ескілері көбіне жарамсыз күйде болғандықтан, соның бәрін қабылдап, жоямыз. Сондықтан жаңа дизайнға қосымша ақша жұмсаған жоқпыз, - деді ҰБ басшысы.

Айта кетейік, теңгенің тарихы 1993 жылғы 3 қарашадан бастау алады. Дәл осы күні ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. 1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа төлем бірлігіне айналды.



Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: