Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ кезінде сақталуға тиіс ережелерді түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҰБТ-ға өзіңізбен бірге калькулятор алып кірудің қажеті жоқ. Бұл әрекет ереже бұзу фактісі болып саналады. Қаңтар, наурыз, тамыз айларындағы ҰБТ мен негізгі ҰБТ-да (мамыр-маусым) калькулятор тестілеу компьютерінде болады. Айта кетейік, сіздер калькулятордан бөлек компьютер экранынан Менделеев және тұздар ерігіштігі кестесін, Бекетов тізбегін таба аласыз» делінген орталық хабарламасында.
Еске сала кетейік, Қазақстанда биылғы ҰБТ тапсыру науқаны басталып кетті. Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеуде 57 мың адам тест тапсырды.
Оның ішінде түлектердің 74% – қазақ тілінде, 25% - орыс тілінде, 37 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 78% жуық талапкер жинады. Орташа балл - 70.
Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады.
Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде жарияланады.