Білім басқармалары азық-түлік жеткізушілермен негізсіз шарттар жасасқан - Антикор

36
0

Білім басқармалары азық-түлік жеткізушілермен негізсіз шарттар жасасқан. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Оқу-ағарту министрлігіне азық-түлік жеткізушілеріне MektepMenu-ге қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша негізсіз шарттар жасасу тәжірибесін жоюды ұсынды. Жеткізушілер Бөлшек сауда және тамақтану қауымдастығымен бірге аталған мәселені көтерді. Өтініштің мәні Kundelik ақпараттық жүйесімен біріктірілген MektepMenu порталында «мәзір мен тағамдар» фотосуреттерін орналастыру үшін негізсіз ақы алу болды. Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы бұйрығына сәйкес мектептер тамақтану мәзірін сайтқа жариялау керек. Оқу-ағарту министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес осы ақпараттарды интернет-ресурстарында (Instagram, Facebook, Kundelik, Bilimal) тегін негізде орналастыруға болады. Бірақ 2022 жылдың қараша айынан бастап, Білім басқармасының ұсынысы бойынша азық-түлік жеткізушілері «NetInfoDistribution» компаниясымен шарт жасасып, мәзірді MektepMenu порталында ақылы негізде жариялай бастады. Жеткізушілер мұндай қызметтерге ақы төлеу қосымша шығын екенін және ата-аналарға ауыртпашылық түсетінін атап өтті, – делінген агенттік ақпаратында.

Ведомство мәліметінше, елордалық 94 мектепті тамақпен қамтамасыз ететін 12 жеткізуші анықталды. Олар MektepMenu-ге қол жеткізу үшін 2,5 млн теңгеден астам қаражат төлеген. Жалпы 7 өңірде осыған ұқсас фактілер 405 мектеппен жұмыс істейтін 117 жеткізушіге де қатысты.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Оқу-ағарту министрлігінің, Білім басқармасының, «Kundelik» ЖШС және «NetInfoDistribution» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша ақпараттық жүйелерде тамақтану мәзірін тегін орналастыруды қайта бастау туралы шешім қабылданды. «NetInfoDistribution» ЖШС-мен жеткізушілердің шарттары бұзылды. Алайда, мемлекеттік сатып алу порталының кейінгі мониторингі мектеп мекемелерінің MektepMenu порталына қол жеткізуде қызметтер көрсету бойынша конкурс өткізе бастағанын және NetInfoDistribution-мен шарттар жасаса бастағанын көрсетті, - деп атап өтеді агенттіктен.

Мәселен, елордалық антикор Білім басқармасымен қайта кездесу өткізіп, үшінші тұлғаларды тартпай тегін негізде тамақтану туралы ақпаратты орналастыруды ұсынды. Нәтижесінде конкурстар жойылып, шарттар бұзылды. 5,5 млн теңгені тиімсіз пайдалануға жол берілмеді. Осындай фактілер 13 млн теңгеден астам сомаға еліміздің 169 мектебінде (Шымкент қ., Алматы қ., Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Абай, Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары) анықталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Оқу-ағарту министрлігіне Kundelik порталында оқушылардың тамақтану мәзірін делдал компанияларсыз тегін орналастыру мүмкіндігін қамтамасыз ету жөнінде хат жолдады. Себебі, үшінші тұлғаларды тарту негізсіз шығындар мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеп соғады. Сонымен қатар агенттік аумақтық департаменттеріне MektepMenu қызметтеріне мемлекеттік сатып алулардың күшін жоюды бақылау тапсырылды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: