Қызылорда облысының әкімі Н. Нәлібаевтың қолдауымен облыста былтырғы 17-18 желтоқсан күндері өткен «InnoFest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалінің «Контент&Медиа» секциясының жеңімпазы СофияТемірболат ұсынған жоба патентке ие болды.
Жоба атауы – «Cyber City хикаялары» комикс кітабы. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қорының арнайы «Қауіпсіз интернет», «Кибербуллинг ол не және оны қалай тоқтату қажет» кибербуллингке қарсы бағдарламасы мен зерттеулер аясында және толық осы концепцияға сәйкес жасалған. Балаларға қауіпсіз киберкеңістікті аталған кітап арқылы оқыту жоспарланған. Сонымен қатар, цифрлық иллюстрациялар мен комикстерді профессионалды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда кітапты баспаға беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетсек, «InnoFest» Qyzylorda – «SmartСity», «Контент&Медиа», «Кино&Видео» бағыттары бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін инновациялық жобаларды жасауды мақсат ететін іс-шара. Фестивальдің негізгі мақсаты – «Ақылды қалалардың» эталондық стандартына сәйкес жобаларды анықтау, облыс тұрғындарының IT-саласына қызығушылығын арттыру және инновациялық IT жобаларды қолдау.
⠀