Бруцеллез, яғни, сарып ауруы – бұл зоонозды инфекция. Инфекция негізінен ауру жануарлармен жанасқанда, олардың өнімдерін пайдаланғанда және аэрогенді жол арқылы, яғни инфекция бар шаң-тозаңды жұту кезінде берілуі мүмкін.
Аурудың клиникалық белгілері – дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, дене салмағын жоғалту.Індетке шалдыққан адамның буындары ауырып, бұлшық еттері мен жүйке жүйесі зақымданады.
Қызылорда облыстық саниатриялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр облыста сарып ауруының 46 жағдайы тіркелді. Салыстырмалы 2021 жылға қарағанда ауру көрсеткіші жасөспірімдер арасында 2 жағдайға төмендеген.
- Cарып ауруы облыстың барлық ауданы мен қала да тіркелді. Оның ішінде облыстық орташа көрсеткіштен жоғары жағдай Қазалы, Жаңақорған аудандарында орын алды. Науқасқа шалдыққандардың арасында ауыл тұрғындарының үлесі 80,4%-ды құрады. Бруцеллез індетіне шалдыққандардың барлығы - ауылшаруашылық малдары арасында бруцеллезден қолайлы елді мекен тұрғындары. Сарып ауруымен алғаш сырқаттанған науқастардың 40 ошағынан барлығы 197 қарым-қатынаста болғандар анықталып, барлығы зертханалық тексерумен қамтылды. Ошақтағы қарым-қатынастағылардың ішінен 6 науқас есепке алынды. Оның ішінде, Қазалы және Қызылорда қаласында 2 жағдайдан, Қармақшы және Жаңақорған ауданында 1 жағдайдан тіркелді, - деді департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Ауру көзі мен жұқтыру факторларын анықтау үшін барлық ошақтардан зертханалық тексерулерге улгілер мен сынамалар алынған.
Сурет ашық дереккөзден алынды.