Фото: Қоғамдық даму басқармасы
Бүгін Қызылорда қаласында белгілі журналист, қоғам қайраткері, публицист Санжар Керімбайдың «Бисенбай және әдеби майдан» кітабының тұсаукесері өтті.
Бұл шара кезекті кітап таныстырылымынан әлдеқайда ауқымды маңызға ие болды. Ол ұлттың рухани тарихын сақтап қалған тұлғалардың еңбегін ұлықтауға, ұлттық сананы жаңғыртуға және кітап оқитын қоғам қалыптастыру идеясына арналды.
Кездесу барысында кітап авторы Санжар Керімбай Бейсембай Кенжебаевтың қазақ әдебиеті мен ұлттық тарихын сақтап қалу жолындағы күресі туралы кеңінен әңгімеледі. Кеңестік идеология үстемдік құрған кезеңде ұлттық мұраны қорғау, әдебиеттің тамырын тереңнен тарату, тарихи шындықты ғылыми айналымға енгізу үлкен ерлік пен азаматтық батылдықты талап етті. Бейсембай Кенжебаев дәл осындай тарихи жауапкершілікті өз мойнына алған тұлғалардың бірі болды.
Шараға мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, білім және мәдениет саласының өкілдері, жастар, кітапханашылар, ұстаздар, зиялы қауым мен кітапсүйер оқырмандар қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар ұлттың тағдыры тек саяси немесе экономикалық шешімдермен ғана емес, рухани құндылықтарды сақтау арқылы да айқындалатынын атап өтті. Өйткені тарихын жоғалтқан халықтың болашағы бұлыңғыр, ал әдебиетін сақтаған ұлттың рухы әрдайым биік болады.
Бейсембай Кенжебаевтың өмір жолы мен ғылыми мұрасы – ұлтқа қызмет етудің, тарихи жауапкершіліктің және мемлекетшілдік сананың жарқын үлгісі. Сондықтан бұл кітапты тек әдебиетшілер мен ғалымдар ғана емес, елдің болашағына жауапты әрбір азаматтың, әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір депутат пен басшының оқуы маңызды екені айтылды.
Іс-шара барысында кітап оқудың маңызы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың рухани иммунитетін күшейту және тарихи жадыны сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Бүгінгі кездесу тағы бір маңызды шындықты көрсетті: ұлтты сақтайтын тек қарумен қорғалған шекара емес, ұлтты сақтайтын ең қуатты қорған – оның тілі, әдебиеті, тарихы мен рухани жадысы.
«Бисенбай және әдеби майдан» кітабы – бір тұлғаның тағдырын баяндаған еңбек қана емес, ұлтқа қызмет етудің мәнін ұғындыратын, тарихи сананы жаңғыртатын және рухани тәуелсіздіктің қадірін сезіндіретін тағылымды туынды.
Кітаптың тұсаукесері Қызылорда өңіріндегі кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамалардың жалғасы ретінде өтіп, оқырман қауымға үлкен ой салған маңызды рухани оқиғаға айналды.