Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айырды

62
0

Қызылорда қалалық соты Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушыға біреудің мүлкін иеленіп, талан-таражға салды деген айып тағылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар, ол сот үкімімен 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқара алмайды.

Қызылорда қаласының №2 сотында бір топ болып алдын ала сөз байласып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, аса ірі мөлшерде жымқырған (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) 7 сотталушының ісі қаралды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы С. 2018-2020 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын жылумен жабдықтау жобасы бойынша жұмыс атқармай, алдын ала сөз байласып, сеніп тапсырылған қаржыны аса ірі мөлшерде жымқырған. Ал сотталушылар Б, Ж, Е, Қ. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар бола тұра, бір топ болып алдын ала сөз байласып, қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған қаржыны талан-таражға салу арқылы жымқырған.

Сотталушылар Д. мен Б. атқарылмаған жұмысқа өткізу актісін жасап, оған қол қойған. Сотталушылардың қылмыстық іс-әрекетінен мемлекетке 441 млн теңге зиян келген. Сотталушылардың кінәсі сотталушы Б-ның кінәні мойындау туралы арызымен, құрылыс нысанына қатысты жүргізілген сот-тауартану және сот-экономикалық сараптамасымен, «А» ЖШС бухгалтері, есепшісі, құрылтайшыларының беттестіру жауаптарымен дәлелін тапты.

Прокурор сотталушы С-ны - 8, Б, Ж, Е, Қ-ны - 7 жылға бас бостандығынан айыруды, ал Д. мен Б-ға 7 жыл шартты жаза беруді сұрады. Ал олардың адвокаттары ақтауды сұрады.

Жалпы мұндай қылмыс үшін ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағының санкциясында 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«Сотталушы С. ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы С-ға биылғы 4 мамырда Астана қаласы Байқоңыр аудандық №2 соты 7 жыл үкім кескен болатын. Осыны ескере отырып, ҚК 58-бабы 3,6-бөліктеріне сәйкес, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, түпкілікті жаза ретінде 8 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті облыстық соттан.

Ведомство мәліметінше, Б, Ж, Е. және Қ-ға мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды және 7 жылға сотталды.

Б. және Д-ға 7 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.

Олардың жазасын жеңілдететін мән-жайын барын, ауырлататын мән-жайын жоғын ескеріп, тағайындалған жаза ҚК 63-бабына сәйкес шартты деп белгіленді.

Мемлекетке келген 441 млн теңге шығын толық өндірілген.

Сот үкімі заңды күшіне енбеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін елорданың Байқоңыр аудандық соты Гүлмира Сатыбалдыны 7 жылға соттаған еді.

Сурет ашық дереккөзден алынды. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: