Қызылорда қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығында полицейлер тәулік бойы үздіксіз өз жұмыстарын атқаруда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тәртіпті сақтау мақсатында анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жедел жұмыстарды жүзеге асырады.
Мәліметке сүйенсек, өткен бір аптада «102» арнасына 918 хабарлама келіп түскен. Ал, жедел басқару орталығының көмегімен 1116 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабымен, яғни, жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау бойынша 347 жүргізушіге, 591-бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады) 66 жүргізушіге, 600-бабының 1-бөлігімен (Жол жүрісінде басымдықты пайдаланатын көлiк құралдарының жүргiзушiлерiн қоспағанда, жол жүрiсi қағидаларының жаяу жүргiншiлерге немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларына жол беру талаптарын орындамау) 51 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтҚ-нің 440-бабы, яғни, алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде жүру бойынша 67 хаттама рәсімделген. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша, нақтырақ айтқанда, ортақ пайдаланатын қоғамдық орынды ластауға байланысты 94 құқық бұзушылық анықталып, шара көрілді.
Қоғамдық орында орналасқан бейнекамера көмегімен 3 қылмыс дерегі тәуліктік кезекшілікте ізін суытпай ашылған.
Сурет ашық дереккөзден алынды