Полиция полковнигін еске алуға арналған турнир

2
0


Қызылордада полиция полковнигі Әмірхан Байжанов атындағы шағын футболдан турнир өтті

Жеңіс күніне орай  «Динамо» спорт кешенінде шағын футболдан турнир өтті. Полиция полковнигі Әмірхан  Байжановты еске алуға арналған турнирге Қызылорда облысы Полиция департаменті аппаратының, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының, Ұлттық ұлан №5547 бөлімінің, Қылмыстық-атқару Жүйесі департаментінің, жол полиция саласының, арнайы жасақ, жедел қызмет салаларының зейнеткерлері қатысты. 

 Әмірхан Сейітұлы ішкі істер органдарындағы қызметін Сырдария ауданы ішкі істер бөлімінің мемлекеттің мүлкін талан-таражға салушылармен күрес бөлімінде (ОБХСС) инспектор болып бастаған. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ішкі істер министрлігінің Алматы жоғары милиция мектебінің түлегі. Әмірхан Сейітұлы өмір бойы спортты серік етіп, еркін күрестен спорт шебері атанған.  Мінсіз, адал да абыройлы қызметінің арқасында Қызылорда облысы ішкі істер басқармасында аса маңызды істер жөніндегі аға инспектор, бөлім бастығы, облыстық салық милициясының, салық полициясы бастығының бірінші орынбасары, Мемлекеттік тергеу комитетінде бөлім, басқарма басшысы лауазымдарында қызмет атқарып, Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің 10-басқармасының басшысы лауазымынан полиция полковнигі шенінде құрметті демалысқа шыққан. 

Қызылорда облысы Полиция департаменті ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және Байжановтар әулетінің қаржылық қолдауымен өткізілген турнирге 5 команда қатысуға өтініш білдірді. 

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Оралбек Тәубақабылұлы Омаров сөз сөйлеп, облыстық ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Қуатбайұлы әріптесі Әмірхан Байжановтың құқық қорғау саласындағы еңбегі туралы, өнегелі өмір жолы жайлы естеліктер айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Дода өте тартысты өтті. Жеңісті оңайлықпен бермейтін командалар бір-бірінен қалыспай әсерлі ойын көрсете алды.

Ерекше ойынымен көзге түскен арнайы жасақ командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Қылмыстық атқару жүйесі департаменті иеленсе, Қызылорда облысы Полиция департаменті аппаратының командасы үшінші орынды еншіледі. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.


Сурет Қызылорда Полиция департаментінен алынды






Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: