Өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжаттың негізінде іс жүргізуді қозғау қағидалары

9
0

  

  «Өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және «Өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжат негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет (бұдан әрі-мемлекеттік көрсетілетін қызмет) тәртібін айқындайды.

     Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Бірыңғай байланыс орталығы - Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын, көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпаратты беру жөніндегі ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;

       2) мемлекеттік көрсетілетін қызмет-көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша немесе өтінішінсіз жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі; 

      3) мемлекеттік көрсетілетін қызметтің стандарты - мемлекеттік көрсетілетін қызметтің процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен көрсету нәтижесін, сондай-ақ көрсетілетін ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптардың тізбесі;

      4) «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы (бұдан әрі-портал) - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесін білдіретін ақпараттық жүйе.;

       5) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі. 

 2) Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      3. Мемлекеттік қызметті атқарушылық іс - әрекеттердің жасалу орны бойынша аумақтық әділет органдары (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      4. Жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында белгіленген өтінішті және құжаттарды:

      1) көрсетілетін қызметті беруші;

      2) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі - мемлекеттік корпорациясы);

      3) портал арқылы жолдайды.

      5. Көрсетілетін қызметті беруші арқылы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің сипаттамасы:

      1) көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге құжаттарды жолдайды;

      2) көрсетілетін қызметті беруші құжаттар келіп түскен күні оларды Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі - АІЖ ОААЖ) тіркеуді жүзеге асырады және мемлекеттік сот орындаушысына береді;

      3) мемлекеттік сот орындаушысы құжаттар келіп түскен сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау немесе қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады, ол көрсетілетін қызметті алушыға жіберіледі.

      6. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің сипаттамасы:

      1) көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік корпорацияға құжаттарды тапсырады, олар барынша қысқа мерзім ішінде көрсетілетін қызметті берушіге беріледі;

      2) көрсетілетін қызметті беруші құжаттар келіп түскен күні оларды АІЖ ОААЖ-да тіркеуді жүзеге асырады және мемлекеттік сот орындаушысына береді;

      3) мемлекеттік сот орындаушы құжаттар келіп түскен сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау немесе қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады, ол Мемлекеттік корпорацияға және көрсетілетін қызметті алушыға жіберіледі.

      7. Портал арқылы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің сипаттамасы:

      1) көрсетілетін қызметті алушы құжаттарды көрсетілетін қызметті берушіге жолдайды.

       Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес мемлекеттік қызметті алуға өтінішті тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады;

      2) көрсетілетін қызметті беруші құжаттар келіп түскен күні оларды АІЖ ОААЖ-да тіркеуді жүзеге асырады және мемлекеттік сот орындаушысына береді;

      3) мемлекеттік сот орындаушы құжаттар келіп түскен сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау немесе қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады, ол көрсетілетін қызметті алушыға жіберіледі.

       8. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, Мемлекеттік корпорация немесе көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады және бұл туралы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолхат береді.

      9. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.

      Рұқсаттар және хабарламалар мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде оны көрсету сатысы туралы мәліметтер мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі.

      10. Ақпараттық жүйе істен шыққан жағдайда көрсетілетін қызметті беруші уәкілетті органды және/немесе "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамын хабардар етеді.

 3-тарау. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      11. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану кезінде шағым көрсетілетін қызметті берушінің басшысы атына, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      12. Көрсетілетін қызметті берушінің атына немесе Әділет министрлігіне келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      13. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижелері бойынша қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.


Г.Есентай,

Мемлекеттік сот орындаушы.




Сурет ашық дереккөзден алынды.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: