Қызылордада "Отбасы – тәрбие бесігі" атты кеңестің алғашқы отырысы өтті

16
0

Бүгін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында  білім саласы қызметкерлері мен ата-аналардың «Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесі өтті. Шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақты жан-жақты дамытып, толыққанды тұлғаны қалыптастыру. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, қала, аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары және селекторлық режимде аудандық қоғамдық кеңес өкілдері, білім саласының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.

Кеңес модераторы, облыстық «Аманат» партиясының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Наурызбай Байқадамов жаһандану дәуірінде әр халық, әр ұлт үшін дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалудың зор маңызын атап өтіп,  осы ретте отбасылық тәрбие ерекше рөл атқаратынын айтты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кездесуге аймақ басшысы ғана емес, әке ретінде ашық пікірлесу үшін келгенін айтып, өңірде балалар үшін атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Мемлекет басшысы өткен жылды «Балалар жылына» арнап, айрықша маңыз берді. Мерейлі жылы жеткіншектерімізге бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлуге, асқақ армандарына басқан қадамдарын демеуге күш салдық. 

Бүлдіршіндерге тарту ретінде аймақта демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңын пайдалануға бердік. Тек қаланың ортасында ғана емес, шеткері аймақтарда да ойын алаңдары салынды. 2022 жылы 19 балабақша ашылды. Өткен жылы 6 мектеп тапсырып, 2 апатты білім беру ұйымының мәселесін шештік. Жалағаш ауданында 250 орындық заманауи Оқушылар үйін ел игілігіне табыстадық. 

Үкімет басшысының Сыр еліне сапары барысында 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық «физика-математика» бағытындағы мектеп-интернат, көпсалалы спорт кешенін салу жобасы қолдау тапты.

Биыл «ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылордада заманауи 

Оқушылар сарайының құрылысын бастайды. Алдағы жаңа оқу жылының қарсаңында 150 орындық екі мамандандырылған мектеп дарынды балаларды қабылдайды», - деді облыс әкімі.

Алдағы 3 жылда 64 балабақша ашу жоспарлануда. Осылайша 11 мыңға жуық бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады.

Бұған қоса биыл Жаңақорған, Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында 940 орындық 4 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. 

Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 мектеп салынады. Жалпы құны 100 млрд. аса теңгені құрайтын бұл білім саласындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жоба.  

Аймақта жеке мектептердің де үлесі артуда. Қазірдің өзінде өңірде 21 жеке мектеп жұмыс істесе, алдағы 3 жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдірді. 

Өңірдегі жетістіктерді саралаған аймақ басшысы қоғамда белең алған интернетке тәуелділік, құмар ойынға салыну, оқушылар арасындағы әлімжеттік және өзге де мәселелердің алдын алу мақсатында тиісті басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне балалардың бос уақытын тиімді өткізу және оларды толыққанды әлеуметтендіру іс-шаралар кешенін қолға алуды тапсырды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет «Білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Балалардың бос уақытын қамту бағытында өңірде жалпы 61 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы, мектеп жанында    2170 спорттық секция және 1942 үйірме жұмыс жасайды. Онда 156 764 бала қамтылған.

Оқушылар қауіпсіз ортада өмір сүруі мақсатында аймақтағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылып, 170 мектепке полиция бөлімшелеріне қосылатын дабыл түймесін орнату үшін 97 млн.теңге бөлінді. Барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймесінің іске қосылуы осы жылы толықтай шешімін тапты.

Кеңес отырысына арнайы қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы өз баяндамасында қоғамдағы өзекті мәселелерді зерделеп, кибербуллинг, моббинг секілді аса қауіпті құбылыстардың әсерін назарға салды. 

Баяндамашылар өз салалары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, бала тәрбиелеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: