Ұлы Отан соғысына Сыр өңірінен 70 мыңнан астам адам аттанып, оның 30 мыңнан астамы қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен. Өкінішке қарай, жыл сайын қатары сиреп баратын майдангерлердің бүгінде алтауы арамызда. Оның екеуі қалада, екеуі Қазалыда, біреуі Сырдария және Шиелі аудандарында тұрады. Ардагарлерге жыл сайын мереке қарсаңында әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі. Биыл да бұл үрдіс жалғасын таппақ. Жалпы мереке қарсаңында ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев журналистерге брифинг барысында таныстырды.
– Бүгінде аймағымызда Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген 4 177 ардагер бар. Арамыздағы 6 майдангерге 1 млн 500 мың теңгеден (435 АЕК) біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Ұлы Отан соғысының қатысушыларына мемлекет тарапынан ай сайын орта есеппен 178 мың теңгеден зейнетақы және 55200 теңгеден арнаулы мемлекеттік жәрдемақы беріліп келеді. Тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ордендерімен және медальдарымен марапатталған 10 ардагерге 207 мың теңгеден бір реттік және ай сайын мемлекет тарапынан орта есеппен 126 мың теңге зейнетақы және 7350 теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Сондай-ақ екiншi рет некеге тұрмаған, қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң, қатысушылардың әйелдерiне (күйеулерiне) 138 мың теңгеден бір реттік және ай сайын орта есеппен 131 мың теңгеден зейнетақы және 15456 теңгеден арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленіп отыр. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда кемінде 6 ай жұмыс істеген 2408 адамға 138 мың теңге бір реттік және ай сайын орта есеппен 120 мың теңге зейнетақы және 7350 теңгеден арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Облыста жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 1275 адамға 138 мың теңгеден бір реттік әлеуметтік қолдау көрсетілмек. Оларға мемлекет тарапынан ай сайын 21355 теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Ал басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 138 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек, ай сайын 16560 теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы берілуде, – деді басқарма басшысы.
Мереке қарсаңында ардагерлерге арналған қайырымдылық акциясы және Жеңістің 78 жылдығына орай мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Сурет ашық дереккөзден алынды