Қызылордалық полицейлер қайырымдылық акциясын өткізді

8
0


Қызылорда қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальон тәртіп сақшылары айлардың сұлтаны Рамазан айы қарсаңында құрбандық шалып, тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіріп, азық-түлік себеттерін үлестірді. Жақсылыққа жаны құмар осындай азаматтардың бұл бірінші қайырымдылық шарасы емес.

 «Қайырымдылық шарасын ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған бөлігіне көмек қолын созу арқылы қиын-қыстау кезеңде мейірімділік пен ізгілікті жоғалтпай, бірліктің үлгісін көрсету. Өзіміз әркез ұжымда осындай акцияларға атсалысып, қатысып тұрамыз. Аз қамтылған көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларға мүмкіндігімізше көмек беріп жатырмыз», – дейді Қызылорда қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция батальоны командирі Ғабит Оспанов.

Игі істің шарапатын көрген тұрғындар да өз кезегінде полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты. Мәселен аты-жөнін атамауды жөн көрген тұрғын: «Қызылорда қалалық полиция басқармасының басшылық құрамы үйімізге келіп, азық-түлік себеттерін табыстады. Осындай қиын кезде қолда барымен бөлісу, қолдау беру – нағыз адамгершіліктің белгісі деп білемін. Балаларымды қуанышқа бөлеген полицейлердің жұмысына табыс, отбастарына амандық пен береке тілеймін», - деп ағынан жарылды.

Халқымызда «қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің» деген тамаша тәмсіл бар. Қайырымды адам қашанда тура жолда жүріп, адамгершілік қасиетті жоғары ұстайды. Қайырымдылық, жомарттық, мейірім біздің қанымызда бар қасиет. Қайырымы мол  халқымыз қашаннан қиналғандарға қол ұшын беріп, көмек көрсетуге дайын тұрған. Бүгінгі қоғамда да айналасына мейірімділік шуағын шашып, жомарттығымен аты шығып   жүрген кең жүректі адамдар жетерлік. Полицейлердің қайырымдылық іс-шарасы сол ізгі қадамдардың сабақтастығы іспетті.

Сурет ашық дереккөзден алынды.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: