Ерлік елеусіз қалмайды

7
0

Адамзат үшін соғыс қашан да қасірет. Он жылға жалғасқан Ауған жеріндегі соғыс солардың бірі. Кім үшін, не үшін соғысып жүргенін санасында қорытып үлгермеген сан боздақ қыршынынан қиылды.

Ауған соғысының 110 айға созылған қанды қырғынынан аман-есен оралған ардагерлер ортамызда жүр. Олар сан мәрте өліммен бетпе-бет келеді. Соғыстың небір ауыртпалығын көтеріп, қабырғалары қайысты. Олардың дұшпан оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, көздері жасқа, жүректері мұңға толған шақтары көп. Сонда да сертіне адал болды, елге абыроймен оралды. Бүгінде қазақстандық Отан қорғаушылар солардан үлгі алып, соларға қарап сап түзейді. 

Талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиған, Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл 33 жыл. 

Ел басына күн туғанда аяғымен от кешіп, өз антына адал болған қазақ жастарының арасында  Алтынбек Бекбанов та болғанын мақтанышпен айта аламыз. Небәрі 18 жасында басынан өткерген қиын кезеңдерді балалары тек ес білгенде ғана білді. Бүгінде Алтынбек Бекбанов ұлын ұясына, қызын қиясына қондырған бақытты әке, немерелерінің сүйікті атасы.

    Бала күнімде достарым «сенің әкең қатал» деп сескенетін. Алайда бізді барынша мейірімділікпен өсіргенін, бірде-бір рет дауыс көтермегенін айтып ақтап алатынбыз. Жүзіндегі салқындық соғыс салған із екенін кейін есейе келе түсіндік. 

Әлі есімде, Ресейдің «9 рота» фильмі жарыққа шығып, отбасымызбен көріп отырғанда әкемнің күрсінгені. Бұған дейін біздің қызық үшін «ол кезде не болды?» деп сұраған сауалдарымызды қасіретті күндерін еске түсіргісі келмегендіктен жауапсыз қалдыратынын сол кезде барып ұқтық, – дейді қызы Шынар Бекбанова. 

Алтынбек Бекбанов 1981 жылы әскерге шақырылғанда Ауғанстанға баратынын білмеген. Қызылордадан 40 бала әскер қатарына алынып, Жамбыл облысы Қордай ауданында екі жарым ай жаттығуда болған. Сол жерде «Зил-131» автокөлігін жүргізіп үйретіп, 23 желтоқсанда жан-жаққа бөліп жіберген. Сонан Пәкістаннан 40 шақырым жерде орналасқан Файзабад деген елді-мекендегі полкке түсіп, жанар-жағармай таситын көлікті жүргізіпті. 

Алтынбек Бекбановты ауған соғысының ардагері ретінде жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, жеткіншектерді туған жерді сүюге, ерлікке, Отан алдындағы міндеттерін білуге баулу мақсатында түрлі кездесулерге шақырып отырады.  Сондай бір мектептегі оқушылармен өткен кездесуде ардагер әскери борышын өтеу барысында бастан кешкен оқиғасымен бөлісті. 

– Ауғанстан таулы жер ғой. Жүру өте қауіпті болатын. Дұшпандар қай жерден шыға келеді екен деген сақтықпен жүретінбіз. Ұзын қатармен көптеген көліктер майдан даласына жанар-жағармай тасимыз. Өте қауіпті. Қарсыластар алдымен граната атқышпен көліктерді жарып жіберуге тырысатын. Күніне 20-30 шақырым жол жүреміз. Жолдың барлығына мина көміліп қойылған. Алдымызда мина іздегіштер жүреді. Күніне жол бойынан 40-қа жуық мина табылады. Саперлар терең көмілген жарылғышты таба алмай қалғанда жүріп келе жатқан көлікті немесе танкті 15-20 метрге дейін ұшырып жіберген сәттерді де көрдік. Осы тар жол арқылы сан мәрте әрі-бері аман-есен өту Жаратқанның бізге берген ерекше сыйы болатын. Өкінішке қарай, көп достарымыз сол көпірдің үстінде қалды… Бір апта жол жүреміз деп есептеп шыққан асымыз кейде екі апталап жүргенімізде жетпей қалатын. Осы уақыттары біз нанның қадірін түсіндік. Осылайша, оқ пен оттың ортасында жан сауғаладық. Мұны еске алудың өзі қорқынышты, – деген еді сонда майдан даласындағы күндерін еске алып. 

Ерлік ескерусіз қалмайды, ол кісінің де марапаттары жоқ емес.  Ауғанстанда көрсеткен батылдығы үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» төсбелгісімен, Өзбекстан ЛКЖО ОК алғыс хатымен және «Ізгі ауған халқынан интернационалист жауынгерге» медалімен марапатталған.  

Уақыт – сағым. Күн артынан күн озып, өткен шақ тарихи естелікке айналады. Өмір сүре білудің қадірін бейбіт күнде соғыс отын көрген осы жандар біледі. Сондықтан олар достықты, туыстықты, денсаулықты – жалпы тірліктің мәнін жоғары қояды. Олардың әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі. Жүректерге жара салған сол жылдар ардагер үшін әрине ұмытылмайды. Бұл кісілердің ерлігі, азаматтық іс-әрекеттері бүгінгі жас ұрпаққа, әсіресе, ер балаларға үлгі-өнеге. Жастарды түрлі құқықбұзушылықтан, қылмыстан, зиянды әрекеттерден аулақ ұстау үшін Алтынбек Бекбанов секілді батырлардың ерлік істерін насихаттап, оларды жеткіншектер санасына сіңірудің маңызы зор. 

  


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: