Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет Аналар күні ресми түрде бекітілді. Мереке облыста да кеңінен атап өтілді.
Мерекелік шараны облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов облыс әкімі Н.Нәлібаевтың алтын құрсақты аналарды құттықтау лебізінен бастады.
Аталған шараға Қызылорда қаласынан және облыстың 7 ауданынан «Алтын алқа» , «Күміс алқа» иегерлері қатысты. Анаға деген құрметтің, ілтипаттың, құттықтаудың шектеулі мерзімі жоқ.
Шара барысында Сырдария ауданының тұрғыны алтын құрсақты ана, 10 баладан, 31 немере, 26 шөбере сүйіп отырған 82 жастағы батыр ана Балай Есекеева және «Алтын алқа» иегері, 7 бала, 25 немере, 3 шөбере сүйіп отырған 72 жастағы Шиелі ауданының тұрғыны Жақсыгүл Сыздықова сөз сөйлеп, барша аналарды құттықтады. Сондай-ақ, жас батыр ана, «Алтын алқа» иегері, 7 баланың анасы 34 жастағы Майра Нұрғалиева қоғамдық өмірде аналық парыз бен кәсіпті бірге алып жүру дағдылары туралы тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова облыста аналарға қолдау көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Мерекелік шараға қатысушыларға облыс әкімінің атынан бағалы сыйлықтар мен гүлшоқтары табысталды. Кеш соңы әдемі ән-жырға ұласты.
Сурет облыстық Қоғамдық даму басқармасынан