Қасиетті Тереңөзек өлкесінде талай - талай нарқасқа азаматтар өмір сүрген. Соның бірі де бірегейі – «Адамның академигі» деген халықтың қосымша атына ие болған әкеміз Нұрадин Әнуарұлы болатын. Осындай атқа ие болу адамгершілік қасиеттердің шыңына жеткендігінен болса керек. Ол кісі Пайғамбарымыз сипаттаған ізгілік, қарапайымдылық, әдептілік, имандылық сияқты қасиеттердің барлығына ие еді..
Пайғамбарымыз с.а.у.с. «Расында, шыншылдық ізгілікке, ал ізгілік жұмаққа жетелейді. Кісі әрдайым шыншыл болып, оны өмірлік ұстанымына айналлырса, Алланың құзырына турашыл деп жазылады» деген хадисі бар. Осы айтылғандай, Алланың жолынан, Пайғамбарымыздың үмбетінен айныған емес.
Нұрадин Әнуарұлы 1940жылы 11 желтоқсанда дүниеге келген. Хакім Абайдың: «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деген даналығы біздің әкемізге арналғандай.
Атаның қанымен, ананың сүтімен даритын тектілік қонған Нұрадин Әнуарұлы – саналы ғұмырын жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға арнаған жан. Тереңөзек ауданының өркендеуіне, ағарту ісіне елеулі еңбек сіңірген жайсаңдардың бірі. Ол 1958 жылы Қызылорда қаласындағы В.В.Гоголь атындағы педагогикалық институты физика-математика факультетінің орыс біліміне түсіп, оны 1962 жылы тәмәмдаған. Жоғары оқу орнын бітірген соң, еңбек жолын Тереңөзек кентіндегі № 36 А. Жданов атындағы орыс орта мектебінде мұғалім болудан бастап, физика - матиматика пәндері бойынша жоғары сынып оқушыларына сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледі. 1974-1982 жылдар аралығында Тереңөзек аудандық Райсполкомның жауапты хатшысы қызметін атқарды. 1982-1985 жылдары Тереңөзек поселкелік кеңес төрағасы болып қызмет жасады. 1985 жылы 5 қыркүйектен бастап білім саласына ауысып, аудандық білім бөлімінде инспектор қызыметін 1990 жылдың 25 тамызына дейін атқарды.
1990-1994 жыл аралығында №10 кәсіптік техникалық училищеде мектеп директорының орынбасары, 1994 жылдан 2012 жыл аралығында, яғни өмірінің соңына дейін кәсіптік техникалық училищенің мұғалімі, кәсіподақ ұйымының басшысы қызыметтерін атқарды. Нұрадин Әнуаров өмірінің соңына дейін еліміздің дамуына, білім саласына қызмет етіп, 2012 жылы 19 қазанда кенеттен 72 жасында өмірден озды.
1959 - 1961 жылдары Марксизм - Ленинизм кешкі университетін «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шықты. В.И.Лениннің 100 жылдығына орай СССР Жоғарғы Кеңесі Президумының медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы білім ғылым қызметкерлері кәсіподағы, Кәсіподақ ұйымының төрайымы М.Амантаеваның Қазақстан білім беру жүйесінде, сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғауда атқарған көп жылғы мүлтіксіз еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. «Жыл мұғалімі» дипломы, респуликалық, облыстық, аудандық деңгейдегі алғыс хаттар мен көптеген марапаттардың иесі.
Өздеріңіз көріп отырғандай, өмірде дамылсыз еңбек етіп, білім саласында, Тереңөзек ауданының дамуына елеулі үлес қосқан азамат.
Мен, Жанарбек Айтбайұлы сол кезде Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қонысбекұлына «Перзент парызы», «Желкілдек батыр» қоғамдық қорлары атынан хат жазып Нұрадин Әнуарұлы атына көше беруін сұрап едім. Ол кісінің ықпалымен және Төреңөзек ауданы әкімінің орынбасары Балшекер Өтегенова ханымның атсалысуымен, көше атын беру туралы қоғамдық тыңдау өткізіп, аудандық газетке қорытындысы жарияланып еді. Қоғамдық кеңес Нұрадин Әнуаровқа көше атын беруге бір ауыздан келіскені жазылған, алайда сол аяқсыз қалып, көше аты берілмей қалды. Мен де Астана қаласына қоныс аударып, қол үзіп қалдым. Биыл 11желтоқсанда Нұрадин Әнуарұлы тірі болғанда 85 жасқа толар еді. Осыған орай, қазіргі аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа және депутаттардан басталған істі соңына жеткізіп, Нұрадин Әнуарұлына Тереңөзек кентінен көше атын беруді сұраймын. Жалпы сол өлкеге еңбегі сіңген тарихи тұлғаларды ұлықтау және ұрпақтардың есінде қалдыру біздің перзенттік парызымыз деп білемін.
Нұрадин Әнуарұлының жаны фердауси жәнәтінен болсын!
Жанарбек ОРЫМБАЕВ,
«Желкіллек батыр», «Перзент парызы» қоғамдық қорларының президенті.
10.12.2025жыл Астана қаласы