Қазақстанның үздік шахматшыларына «KazChess Award» жүлдесі табысталды

12
0

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Танымал қазақстандық шахматшылар «KazChess Award» арнайы сыйлығымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тоғыз номинация бойынша арнайы сыйлықтарды Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов еліміздің шахмат қауымдастығының үздік өкілдеріне табыс етті. Бұл Қазақстан шахмат федерациясы бекіткен алғашқы жыл сайынғы марапат.

«Өткен маусым бойы біздің спортшылар жарыстарда тамаша нәтиже көрсетті. Әр жеңістің артында ата-аналар, жаттықтырушылар штабы және әрине, спортшылардың өздері жасаған ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан біз бұл марапатты шахмат қауымдастығының үздік өкілдерінің еңбегін мойындау үшін бастама етіп көтердік. Бізде өз жетістіктерімен Қазақстанды әлемдік аренада танытатын, бірақ одан да маңыздысы – өскелең ұрпақ шахматпен айналысуға және одан да зор жеңістерге жетуге ынталандыруға жарқын үлгі болатын мықты спортшылар бар. Бұл жүлде – еліміздегі шахматты дамыту мен қолдау жөніндегі үлкен және кешенді жұмыстың бір бөлігі, соның арқасында біз көрнекті спортшылардың бірнеше буынын өсіре аламыз», - деді Тимур Турлов.

Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мына спортшылар «KazChess Awards» лауреаты атанды:

- «Әйелдер арасындағы жыл спортшысы» - Бибісара Асаубаева, әйелдер арасындағы жылдам шахматтан екі дүркін әлем чемпионы;

– «Ерлер арасындағы жыл спортшысы» - Ринат Жұмабаев, блиц бойынша ерлер арасындағы Азия чемпионы;

- «Жыл көшбасшысы» - Жансая Әбдімәлік, 44-ші Халықаралық шахмат олимпиадасының қола жүлдегері;

– «Жыл серпілісі» - Динара Сәдуақасова, әйелдер арасындағы жылдам шахматтан әлем вице-чемпионы;

– «Жыл жаңалығы» - Нөгербек Қазыбек, 18 жасқа дейінгі жылдам шахматтан әлем чемпионы;

– «Жыл үміті» - Зарина Нұрғалиева, 14 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы;

– «Жыл ұйымдастырушысы» - Саят Егембердиев, Алматы және Жетісу облыстарының шахмат және үстел ойындары федерациясының президенті;

- «Жыл бапкері» - Ержан Шәкенов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы және әлем, Азия және ҚР чемпионаттарының чемпиондары мен жүлдегерлерінің тәлімгері;

- «Жыл судьясы» - Олег Ринас, халықаралық деңгейдегі судья.

Марапат иегерлерінің бірі 18 жастағы Нөгербек Қазыбек өз әсерімен бөлісті: «Бұл сыйлықты аламын деп күткен жоқпын, өткен аптада ғана сыйлық жөнінде хабар келді. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Жалпы, өткен жыл өзім үшін сәтті болды: 18 жасқа дейін рапид пен блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы атандым, классикалық шахматтан ҚР чемпионатында екінші орын алдым, Үндістандағы олимпиадада ерлер арасында Қазақстан құрамасында ойнадым. Енді гроссмейстер болғым келеді, бірақ оған көп күш салу керек. Бұл нәтижеге ата-анам мен жаттықтырушылардың, Тимур Руслановичтің қолдауымен қол жеткізе аламын деп үміттенемін. Егер бәрі жақсы болса, биылғы жыл өте нәтижелі болатынына сенімдімін. Қазір федерация түрлі елдерден тәжірибелі жаттықтырушыларды тартқысы келеді, осындай мамандармен жаттығып, одан да күшті боламыз деп үміттенеміз. Қазақстандық шахматшылардың болашағы зор екеніне сенемін және біздің құрама болашақта ең мықты командалардың бірі болады», – деді ол.

Өз сөзінде Тимур Турлов Қазақстанда шахматтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Елімізде шахматқа үлкен қызығушылық бар екенін және бүкіл ел мақтана алатын нағыз чемпиондар бар екенін мақтан тұтамыз. Олар әлемдік аренада керемет нәтижелер көрсетіп жүр. Қазақстанның шахматты бұқаралық спорт түрі ретінде дамытатын үлкен келешегі бар. Рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатын өткізуде алған ұйымдастырушылық тәжірибеміз елімізде және әлемдік қоғамдастықта шахматтың дамуына көбірек назар аудартатынына сенеміз», - деді спикер.

ҚШФ басшысы өткен жылы қазақстандық шахматшылардың табысты нәтиже көрсетуінің арқасында Қазақстанның осы спорт түрін дамытуға бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндігі бар екенін айтты. Оның айтуынша, федерация көптеген таланттарды ашу үшін әрі қарай жұмыс істейді, әр түрлі жастағы спортшылар арасында көптеген жарыстар өткізеді.

«Шын мәнінде талантты жастарымызға қарап таңданамын және осы талабын одан әрі дамыту үшін бәрін жасауға тырысамын», - дейді Тимур Турлов.

Ол сондай-ақ Астанада 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында өтетін шахматтан ФИДЕ әлем чемпионатының маңыздылығын атап өтті. Тимур Турлов елорда өтетін планетаның ең мықты шахматшыларының жекпе-жегі біздің елімізде спорттың осы түрін дәріптейтініне сенім білдірді.

Ұлттық шахмат федерациясы биыл бірқатар нақты бастамаларды жоспарлап отыр: шахмат секцияларының санын екі есеге – 14 мыңға дейін ұлғайту, мектепке дейінгі жарыстар, балалар кубоктары, сондай-ақ мектеп, университет және тіпті корпоративтік лигалар өткізу, сапалы инфрақұрылымды дамыту, ҚШФ кеңселерін, Астана мен Алматыда заманауи шахмат мектептерін ашу.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: