Қазақстандық Айя Айтбай садақ атудан Орталық Азиядан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі төреші атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Ол бүгінде әлемдік деңгейдегі додаларда төрелік етіп келеді. Бұл атақты мерген қызға Францияда берген. Сосын былтыр Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында төрелік етті. Дүбірлі жарыста Үндістан, Жапония, Малайзия, Қытайдан шыққан садақ атушыларға төреші болды.
Азия ойындарынан соң мерген қыз әлем чемпионатында төрелік етті. Енді 2026 жылы Африка құрлығында өтетін жасөспірімдер олимпиадасына жолдама алуды көздеп отыр.
Қазіргі таңда Сарықұрлықта халықаралық дәрежеде 107 төреші бар болса, соның бірі – қазақстандық Айя Айтбай. Сондай-ақ ең жас төреші атанды. Ол биыл 20 жасқа толып отыр.
Сурет ашық дереккөзден алынды.