Италия жағалауындағы Кротоне қаласына жақын жерде қатты дауыл салдарынан қайық сынып, 59 адам суға батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz Sky News сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, марқұмдардың денесі жағаға шығарылған. Құтқару жұмыстарына жағалау күзетінің кемелері, шекара полициясы мен өрт сөндірушілер жұмылдырылды. Италияның өрт сөндіру және құтқару қызметі мигранттар мінген қайықтың Кротоне провинциясындағы Стеккато ди Кутро маңында суға батып кеткенін, 40-қа жуық адам аман қалғанын хабарлады. Ведомство құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын айтты.
Сондай-ақ теңіз жағасындағы демалыс орнында жағаға 30-ға жуық мәйіттің шығып қалғаны, судан тағы үш мәйіт табылғаны және қаза тапқандар арасында бала бар екені хабарланды. Басылымның хабарлауынша, Иран, Пәкістан және Ауғанстаннан келген мигранттар мінген қайық дауыл кезінде жартасқа соғылған.
Сурет ашық дереккөзден алынды.