Өткен жылы азық-түлік инфляциясы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өскен. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Былтырғы жылдың 11 айында ішкі тауар айналымы 44,3 трлн теңгеге жетті. Бұл – 2021 жылдың ұқсас кезеңмен салыстырғанда 19,7%-ға артық. Тартылған инвестициялар көлемі 38,2%-ға өсті. Атап айтқанда, оның көлемі 2021 жылы болған 210,3 трлн теңгеден былтыр 290,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Өткен жылы елімізде азық-түлік инфляциясының рекордтық көрсеткіші тіркелді, яғни ол 25,3 пайызға өсті. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 22,7 пайызға өскені байқалды. Бұл ретте бағаның айтарлықтай өсуі ақпаннан сәуірге дейінгі кезеңге келеді. Негізгі себептер – геосаяси жағдайдың өзгеруі, ұлттық валюта бағамының әлсіреуі және санкциялардың енгізілуі. Осыған байланысты баға белгілеудің негізгі компоненттері қайта қаралып, оңтайландырылды», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сурет ашық дереккөзден алынды