Бес жыл күткен бақыт

11
0

«Аңсаған сәби»


Байқоңыр қаласының 31 жасар тұрғыны «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында  Айлин, Анель, Адель есімді үшемді дүниеге әкелді.

Әйгерім Әлімханованың бұл бірінші жүктілігі. Ол жүктіліктің 28 аптасында мерзімінен бұрын кесарь тілігімен босанды. Шақалақтар 1180, 1200, 1400 грамм болып туған. Шала туған нәрестелер Байқоңыр қаласынан санитарлық авиация арқылы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, орталық неонатологтарының ерекше күтімінде болды. Қазіргі кезде анасы мен балалардың денсаулығы жақсы. 

    Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ана болу өте керемет сезім. Біз жолдасым екеуміз бұл бақытты ұзақ күттік. Отау құрғанымызға бес жыл дегенде «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы арқылы сәби сүйіп отырмыз. Бір сәбиге зар болып жүргенде бағдарламаның арқасында үшемнің ата-анасы атандық. Сондықтан осы бағдарламаны жасаған әрбір жанға, аймақ дәрігерлеріне, әсіресе, облыстық перинаталды орталық мамандарына алғыс айтамын. Жүктіліктің басында маған құрсақтағы нәрестені егіз деген болатын, кейін үшеу екенін айтты. Оны естігенде тіпті қуандық. Аллаға шүкір!, – дейді Әйгерім. 

Өздеріңізге белгілі, 2021 жылдан бастап елімізде қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылды.

2021 жылы аймаққа бөлінген 281 квота өткен жылдың қараша айына дейін толық игерілді. 2021 жылы ЭКҰ арқылы 119 бала туып, 3 отбасында егіздер дүниеге келген. Ал былтыр бағдарлама бойынша 277 квота бөлініп, бүгінде 277-сі жолданып, орындалу үлес салмағы 100%-ды құрап отыр. Биылға  274 квота беріліп, бүгінгі күні 92-сі  игерілген. 182 квота  жыл аяғына дейін игерілетін болады. 

2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 683 отбасы кезекте тұр, 2021 жылы 122, былтыр 462 отбасы кезекке тұрған. 


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: