Жалағаш ауданында «Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық оқиғалары және ата-ана жауапкершілігі» тақырыбында аудандық оқушылар үйінде кездесу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов, аудандық полиция бөлімі, аудандық прокуратура, білім бөлімінің басшылары, білім беру мекемелерінің директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог психологтар мен әлеуметтік педагогтар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, қамқоршылық кеңес және ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.
Кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен болатын қылмыс пен құқықбұзушылықтар, оқыс оқиғалар және келеңсіз жайттардың алдын алу, сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған жиында аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов сөз алып, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне септігін тигізетінін жеткізді.
«Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық оқиғалары және ата-ана жауапкершілігі» тақырыбында аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі М.Өсер баяндама жасап, жиынға қатысушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Байлығымыз – балалар! Келешегіміз де сол бүлдіршіндер. Олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз өмір сүруіне әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар, ал, жол бойында полиция қызметкерлері балалар санасына қауіпсіздік ережелерін ұдайы сіңіріп, бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал.
Сурет ашық дереккөзден алынды.