Жақында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысында бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде – мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылған шаралардың нәтижелері талқыланды. Бұл жөнінде, Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Болатхан Мұқанов пен Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов баяндама жасады.
Мұнан соң, қосымша Майдакөл ауылдық округі бойынша өткен жылы орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтар мен олардың алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы ауыл әкімі Қонысбек Құрманбаев хабарлама жасады.
Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстардың легін тыңдаған Қазалы ауданының басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы бүгінгі таңда аудан бойынша, әсіресе, ауылдық округтерде мал ұрлығының белең алып отырғандығын айтты. Бұл бойынша елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларымен ауыл әкімдеріне бірлесе жұмыс жасап, мал ұрлығының алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, өзге де, түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізіп, ауыл шаруашылығы жануарларына чип орнату, сырғалау, сәйкестендіру және таңбалау жұмыстарының да, баяу жүргізіліп жатқандығын айтып, бұл жұмыстарды жүйелі орындауды қатаң тапсырды.
Сурет Қазалы ауданы әкімдігінен