Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ілияс Байжұманұлы Жұмағұловтың төрағалығымен «Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шаралар» тақырыбында ауқымды жиын өтті.
Жиынға облыстық білім басқармасының өкілдері, мектеп директорлары және полиция қызметкерлері қатысты.
Жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалған қылмыстар қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
І. Жұмағұловтың айтуынша, талдау барысында қылмыс жасау себептерін саралағанда ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауы, оларды өз бетінше қалдырып, бос уақытын қадағаламауы, отбасындағы қолайсыз жағдайлар жататыны анықталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бойынша өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыста жалпы білім беру мекемелерінде 2023-2024 оқу жылында департамент бұйрығымен мектептер мен колледждерге аймақтық ювеналды полиция бөліністерінің, криминалды полиция, учаскелік полиция инспекторлары бекітілген. Оқушылар мен студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында «Бұзақылық, буллинг, интернет қауіпсіздігі, кибербуллинг, лудомания, нашақорлық, жыныстық қол сұғылмаушылық қылмысы, жол-көлік оқиғаларының алдын алу» тақырыптарында дәрістер оқылды.
Жасөспірімдерге қарсы және олармен жасалатын қылмыстар, алкоголь, есірткінің зияны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі туралы кездесулер ұйымдастырылып, арнайы әзірленген хабарламалар ілініп, халық көп шоғырланатын жерлерде жадынамалар таратылған. Сонымен қатар, «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада» жедел профилактикалық шаралары, «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері ұдайы жүргізілуде. Іс-шаралар нәтижесінде 2992 құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 128 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылса, 640 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылған.
Жиын барысында департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі І.Жұмағұлов оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін іс-шаралар кезінде жас түлектердің беймезгіл уақытта жүрмеуі, кортежге шықпауы, отырыстар жасамауы, белгіленбеген жерлерге суға түспеулері бойынша ата-аналар жиналыстарында хаттамалар арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Қызылорда өңірінің полицейлері бұл шаралардың өткізілуі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылатын болады.
Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл облыс бойынша барлығы 300 мектепті 8 мыңнан астам түлек бітірмек.
«Жазғы демалыс басталысымен балалардың бос уақыты көбейеді. Бұл орайда ата-аналарға сақтық шараларын күшейткен абзал», – дейді І.Жұмағұлов.
Жазғы демалыс уақытында балалардың жеке қауіпсіздігі, оның ішінде суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шаралары ата-аналардың немесе оларды алмастыратын адамдардың ерекше назарында болуы қажет. Бұл орайда, полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздік мәселесіне бей-жай қарамай, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Айта кетерлігі, жазғы мезгілінде жасөспірімдердің көптеп шоғырланатын қалалық демалыс паркінде олардың кешкі серуендеуі кезінде қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қызметкерлер бөлініп, қызмет атқаратын болады.
Сурет Қызылорда Полиция департаментінен