Балалар қауіпсіздігі мен құқық бұзушылығының алдын алуға арналды

38
0


Отбасының шаттығы саналатын балаға, оның тәрбиесіне ата-ана қашанда жауапкершілікпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан. Мектеп пен отбасы ынтымақтастығын арттыру мақсатында Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектепте мектепішілік ата-аналар жиналысы өтті.

Жиналыс барысында биылғы оқу жылының қорытындысы, оқушылардың жазғы тынығуын ұйымдастыру,балалардың өмірге деген құлшынысын арттыру, зорлық-зомбылықсыз балалық шақты қамтамасыз ету, жазғы маусымдағы оқушылардың құқық бұзушылықтарының, яғни, буллинг, кибербуллинг, лудомания, есірткі, әлеуметтік желі зияндылығының алдын алу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, балалар қауіпсіздігіне, яғни, су, өрт, жол апаттарының алдын алуға баса назар аудару мәселелері қаралды. 

Аталған мәселелер бойынша баяндама жасаған мектеп директоры Мақсұт  Мукеев 2023-2024 оқу жылын қорытындылап,  оқу үлгерімі жоғары, үлгілі тәртібімен, ерекше талантымен көзге түскен, облыстық, қалалық байқаулар мен олимпиада жеңімпаздарын атап, олардың ата-аналарына алғыс білдірді.

Оқушылардың жазғы тынығуын ұйымдастыру бойынша жазғы лагерь ұйымдастырылатынын жеткізді. Лагерьге әлеуметтік санаттар бойынша құжаттар қабылданатынын айтты.

Оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу үшін түрлі өнер, спорттық үйірмелерге қатыстыруға арналған түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Облыстық жастар денсаулық орталығының психолог маманы Раушан  Жұмаділдаева мен «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің психологі Гафура Нұрболатқызы балалардың өмірге деген құлшынысын арттыру мен зорлық-зомбылықсыз балалық шақты қамтамасыз етіп, суицидтің алдын-алуға байланысты арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетті. Адамның кей кездерде стресске қарсыласа алмауы, дұрыс шешім қабылдауда қиналуы, мәселені шеше білудегі қабілетсіздіктерінің алдын алу мен жасөспірімдерге тән репродуктивті денсаулыққа байланысты кеңестер берді.

Қызылорда ҚПБ ЖПҚБ ЮПБ УПИ полиция капитаны Нұрлан Жакиев ата-аналарға жаз маусымындағы оқушылардың құқық бұзушылықтарының алдын алу шараларына қатысты жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық фактілері мен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442, 127, 132, 200, 434, 435, 437 баптарын толықтай түсіндірді. ҚР Қылмыстық кодексінің 120, 121, 122, 123, 124, 190, 191, 188, 187, 293 баптары бойынша кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жұмыстарына тоқталып, баланың заңды өкілі ата-ана болғандықтан, оның заңға қайшы әрбір әрекетіне солар жауапты екенін ескертті. Ата-аналарға буллинг, кибербуллинг, лудомания, есірткі, әлеуметтік желі зияндылығы туралы ақпарат берілді.

Жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жолда жүру ережесі мен жол қауіпсіздігінің алдын алуға байланысты арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты ата-аналарға мектеп директоры  Мақсұт Ахметұлының «Мектеп бітіру кешін өткізу туралы»  бұйрығы таныстырылып, мектеп бітіру кеші мен оқу жылын аяқтауға байланысты ешқандай ақша жиналмау қажеттігі ата-аналарға қатаң ескертілді. Бұйрыққа сәйкес құқық бұзушылықты болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері түсіндірілді.

Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының офицері аға лейтенанты Дулат Сейілов жиналыс барысында ата-аналарға жаз мезгіліндегі суға шомылу, өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша бірқатар ережелерге қатысты кеңес берді. Шомылуға рұқсат етілетін аймақтардың аз екендігін ескере отырып, балалардың суға шомылуын қатаң назарда ұстау қажеттігіне байланысты арнайы бейнероликтер көрсеті. Балалар арасында су, өрт, жол қауіпсіздігінің алдын алуға байланысты ата-аналарға жаднамалар таратылды.


Сурет Тұрар Рысқұлов Мектебінің парақшасынан алынды


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: