Ел қашанда ерлерге арқа сүйейді. Жігітті еліңе қорған, жұртыңа тірек бол деп тәрбиелейді. Отан қорғаушы күні қарсаңында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие-идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы – департамент бастығының орынбасары Алмат Жақыповпен әңгімелескен едік.
– Алеке, Отан алдындағы борышын өтеу – әр азаматтың міндеті екені анық. Бірақ жастардың біразы әскерге баруға құлықсыз. «Шабытпен барып, табытпен келіп жатыр» деген тіркес жаттанды болып кетті. Шынында солай ма? Жастарды неге отаншыл деп айту қиын?
– Отанды сүю отбасынан басталады. Ата-ана баланы «тыныш жүр, қара басыңды ойла» деп тәрбиелесе, ол баланың отаншыл болуы екіталай. Баяғы әкелер баласын молда оқуына бергенде «еті – сенікі, сүйегі – менікі» дейді екен. Қазір осы тәрбие бар ма, қазіргі балалар мұғалім қатты сөйлесе де, үйіне жылап айтып барады. Артынан әке-шешесі кеспелтегін алып келіп тұрады. Бұл қылық бала психологиясын бұзады, айналып келгенде әскерден жалтарудың артында осындай біржақты тәрбие жатыр.
Әрине, әскер қатарында әртүрлі жайт кездеседі, бірақ ол әскерде ғана ма, қарапайым өмірде де кездейсоқ бақытсыздықтар бар. Оқыс оқиғалар тек әскер қатарында орын алып жатқандай көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушылары үш-төрт жыл бұрын өтіп кеткен жағдайлардың бейнежазбасын қайталап сала береді. Сөйтіп әскер жайлы көпшілікке теріс әсер таратады.
Осыдан екі жыл бұрын Қазалыдан Мәтіғұл деген жас жігіт әскер қатарына шақырылды. Ол өзі мал бағудан басқа ештеңе көрмеген, ой көкжиегі алысқа жетпейтін бала болған. Осыны кейбіреулер «әскерге ақыл-есі кем азаматты алып жатыр» деп, қоғамды алатайдай бүлдіргісі келді. Бейнежазбаға түсіріп жариялады. Біз соны ескеріп, министрліктің келісімін алып, баланы әскери міндетін жергілікті жерде өтеуге қалдырдық.
Сол бала әскерде жүріп ширығып, шынығып, сымдай тартылып шықты. Өз арасында үлгілі сарбаз атанды. Тіпті ол келісім-шарт бойынша әскери қызметте қалғысы келді. Алайда ауылындағылар алып кетті.
– Қызық жағдай екен. Ал енді сондай негізсіз ақпараттарды жоққа шығару үшін өз тараптарыңыздан қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Қызылорда қаласындағы «Жастар орталығында» «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Жас сарбаздар Жеңіс мерекесінде, салтанатты шерулерде сап түзеп, өздерінің болашақ ел қорғаны екенін сезінеді. Олардың арасында әскери-патриоттық әңгімелер айтылып, отаншылдық насихатталады. Мектептердің жоғары сыныптарында «Ерлік сабақтары» өткізіледі. Біз Ауған соғысы, тәжік-ауған соғысы, Таулы Карабақ соғысы ардагерлерімен, Германияда борышын өтеген кеңес әскерлері тобы мүшелерімен кездесулер ұйымдастырамыз. Бұл кездесулер жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, ерлік сезімге баулиды.
Әскерге шақыру маусымдарында болашақ сарбаздар медициналық тексеруден өтіп, команда тағайындалғанша жиын пунктінде екі-үш тәулік жатады. Осы кезде оларға елін, жерін қорғаған ұлт батырлары, халық қаһармандары туралы фильмдер көрсетіледі. Сонан соң әскерге шығарып салу рәсімдері жасалады. Ондай шаралар қаладағы «Тағзым» алаңында, батырлар ескерткіші жанында, басқа да арнайы орындарда салтанатты түрде өткізіледі.
Әскерден оралған сарбаздарды қарсы алу рәсімін де ұмытқан емеспіз. Өйткені, жерлес азаматтардың қай күні, қай жерден келетіні бізге белгілі.
Жақында әскери теңіз флоты қатарында борышын өтеген бес-алты жерлесімізді Қызылорда теміржол вокзалынан қарсы алуды ұйымдастырдық. Бауырлары мен достарының гүл шоқтарымен күтіп алып, құшақтасып табысқан сәттері соншалықты әсерлі. Осы бір көріністің өзі жастарға әскер сапында болудың құрметін көрсетеді.
Әскери оқу орындарында білім алып жатқан азаматтарымыз да бар. Олардың демалысқа келетін сәтін пайдаланып, өздері оқыған мектепке алып барамыз. Сол кезде жасөспірімдер кеше ғана мектеп бітірген түлектің батыр тұлғалы азамат болғанын көріп, сөзін тыңдап, әскери-әлеуметтік жағдайына көз жеткізіп, солардай болсам деп құштарланады.
– Әскери-әлеуметтік жағдай туралы айтып қалдыңыз. Осыны нақтылап өтсек…
– Екі жыл бұрын Білім министрлігі мен Қорғаныс министрлігі жастардың әскери қызметке ынтасын арттыру мақсатында арнайы жобаны іске асырды.
Мерзімді әскери қызметін аяқтаған әрбір азамат екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ, әңгімелесу арқылы ақылы негізде жоғары оқу орнына түсе алады. Ал әскери міндетін өтеу барысында жақсы нәтиже көрсеткендер ЖОО есебінен тегін білім алады. Мұндай қадамға еліміздің 40-тан астам оқу орны ниет білдіріп отыр. Бұған анық көз жеткізу үшін Қорғаныс министрлігінің ресми сайтын қарау керек.
Әскери қызметтегі жастарға жасалған әлеуметтік жағдай тіпті жақсы. Егер әскери қызметші пәтер жалдап тұратын болса, оның пәтерақысымен жұмыс орны арқылы есептесу мүмкіндігі бар. Ал ипотекаға үй алса, ол мемлекет есебінен төленеді.
– Биыл сарбаздар сапына қанша азамат қосылды? Әскерге өзі сұранып кететіндер бар ма?
– ҚР Қарулы күштері қатарына жөнелту осы жылдың 26 наурыз бен 15 мамыр аралығында жүргізілді.
Әскер қатарына алу үшін 850 адамға тапсырыс болған еді. Соның ішінде Ұлттық шекара қызметіне түскен тапсырыс 100 пайыз орындалды. Қалған тапсырыстардың аясында шақырылғандардың денсаулығына байланысты, Қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен бөлімдер тарапынан әскерге шақырушылардың келуіне орай орын алған проблемалар да бар. Ол орындар алдағы кезеңде толығады деп есептейміз.
Ендігі жөнелту жұмыстары 22 мамыр мен 30 маусым аралығында өтеді.
Бағана әңгіме қылған теріс бұрушылардың сөзі соншалықты жол байлап жатқан жоқ. Ешкім де ақиқатты алақанмен бүркей алмайды.
Әскерге өздері сұранатындар жетеді. Жақында қызылордалық егіз бала – Әлкеновтер әскерге өз сұраулары бойынша аттанды. Мұндай мысал көп.
Бір ғана нәрсені баса айтуға болады. Бүгінде әкесі соғыста болған адамдардың өзі сирек. Олар – Отан қорғаудың қандай қымбат борыш екенін жанымен түсінген ұрпақ. Қазір облыс көлемінде Отан соғысының 4 қана ардагері қалыпты. Жастарға олардың ерлік сөзін тыңдату мүмкіндігі аз. Сондықтан ата-аналар балаларына Отанның қасиетін, туған жердің қадірін үнемі айтып отыруы тиіс. Ата-ана сөзі – бала үшін бұлжымас ақиқат. Сондықтан отбасылық тәрбие тіні мықты болса екен деймін.
– Алеке, әскери қызметте жүрсіз. Жастардың тәрбиешісісіз. Киімі таза, жүрісі нық, тұлғасы түзу әскери адам көлденең көзді қызықтырмай қоймайды. «Мен де осындай болсам» дейтін жастарға өзіңізді жақынырақ таныстыра кетсек… Оларға тілегіңіз бар ма?
– Мен мектеп бітірген соң Қызылорда мемлекеттік университетінен алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым.
2005 жылға дейін мектептерде мамандығым бойынша жұмыс істедім. Мұнан соң ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде Алматы облысының қазіргі Қонаев қаласында орналасқан десанттық шабуылдаушы әскерлеріне қарасты әскери бөлімде зениттік-зымырандық взвод командирі болып қызмет еттім.
Бүгінде Қызылордада осы қызметімді атқарып отырмын. Әскери шенім – подполковник. Төрт перзенттің әкесімін.
Жастарға айтарым, біздің осындай байтақ жеріміз бен рухани құндылықтарымызды аманаттап қалдырған аталарымыз жауға шапқанда сіздер секілді жас болған. Мысалы, Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмін көрген шығарсыздар.
Өмірде бақытты, қуатты болу үшін ең бірінші жаныңды байыту керек. Білімге бүгіліп, еңбекке еңкейсең, өз еліңді сүйсең, саған басқа қажеттілік өзі келе бастайды. Осыны түсінсең болды.
– Әңгімеңіз үшін рақмет. Елге жасаған қызметіңіз еселеніп қайтсын, абыройлы болыңыз!
Әңгімелескен
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Сурет автордан