23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Қызылорда қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары облыстық қан орталығына барып, қан тапсырды. Осылайша олар қызылордалықтардың өмірі мен денсаулығын құтқаруға өз үлесін қосып, игі бастамаға себепкер болды. Бұл құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған бірінші қайырымдылық акциясы емес.
«Бір донор-бір өмір» деп бекер айтылмаған және полиция қызметкерлерінің бұл іс-әрекеттері біреудің анасы мен әкесінің, баласы мен ағасының өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
– «Полиция жұмысы күн сайын қауіп-қатермен байланысты, сондықтан да құқық қорғау органдарының қызметкерлері дертке тап болған адамдарға уақытында көмек көрсетудің қаншалықты маңызды екенін басқалардан жақсы біледі. Өз елінің адал азаматы ретінде, полиция қызметкерлері ауруханалық төсекте қайғыға душар болған адамдарға тек ғана денсаулық тілейді. Бұндай іс-шарадан қалыс қалғымыз келмейді, себебі, адамдарға көмектесу – біздің тікелей міндетіміз, – дейді полиция капитаны Жандос Еркінұлы.
Дәрігерлер полицейлерді мінсіз донор екендігін бірнеше рет атап өтті. Себебі олар денсаулығына жіті көңіл бөліп, медициналық тексерулерден үнемі өтіп тұрады.
– Біз полиция басқармасының барлық донорларына шын жүректен алғыс айтамыз! 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында жасап жатқан игі бастамаларыңызға алғыс білдіремін. Қиын да қауіпті қызметтеріңізге сәттілік тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, – деді қан орталығының директоры Серік Игембаев.
Акцияға қатысып, қан тапсырған полицейлер жұмыс орындарына, яғни қоғамдық тәртіп пен қаланың жол қауіпсіздігін сақтауға аттанды.
Сурет ПД