Сырдариядағы серпінді бастамалар

12
0

Былтыр Сырдария ауданы үшін бірлік пен берекеге толы табысты жыл болды. аудан ауыл шаруашылық саласындағы "Үздік аудан" атанып, жылды жемісті қорытындылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты жаңалықтармен бөлісті. 

Сырдария - ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған аудандардың  бірі. Былтыр ауданда 991 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, егілген егіннен мол өнім жиналды.

-Ауданымызда былтыр бидай- 619 гектарға, мақсары – 194 гектарға, күнбағыс – 2 гектарға, картоп – 88 гектарға, көкөніс – 19 гектарға, бақша өнімдері – 77 гектарға егілді.  Өңірімізде  су тапшылығы мәселесі әбігерге салғаны белгілі. Алайда, аймақ басшысы бұл мәселені дер кезінде көтеріп, алдын алу шараларын жүргізді, - деді аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлы.

Биыл Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту бағытында қарқынды жұмыстар қолға алынбақ. Атап айтсақ, осы жылы бюджет және демеушілер есебінен 11,6 млрд.теңгені құрайтын 71 жоба әзірленіп, республикалық және облыстық бюджетке ұсынылды. Сондай-ақ, Сырдарияда аудандық маңызы бар жолдардың басым көпшілігіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, елдімекендердің ішкі көшелері жаңартылады.  Аудан әкімінің айтуынша, биыл «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» аудандық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталмақ. Ал аудан тұрғындары үшін ең маңызды саналатын «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автомобиль жолына тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, ауданға қарасты Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елдімекендеріне жарықтандыру жұмыстары басталып,  электр желілері толық жаңартылатын болады.

- Ауданымызда былтыр  нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылып, барлық салаларда оң көрсеткіштер қалыптасты. Соларға арнайы тоқталып өтсем, өткен жылы аудан бюджеті 13,1 млрд.теңгені құрап, оның  70 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Сондай-ақ, аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп өндірісі - 4,3 есеге артса, өңдеу 56 пайызға ұлғайды. Ауданға инвестиция тарту да жақсы көрсеткішке ие болып, 219 пайызға орындалды. Ал тұрғын-үй құрылысының көлемі - 1,9 пайызға артып отыр. Халықты тұрақты жұмыспен қамту – күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Осыған сәйкес, былтыр жұмыспен қамтудың белсенді шараларының арқасында 3 115 адам жұмыспен қамтылды және 902 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар аймақ басшысының бастамалары негізінде, облысымызда кәсіпкерлік саласы өркендей түсті. Тиісінше, біздің ауданымызда да аталмыш саланы дамыту мақсатында 500 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, нәтижесінде 450-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл сырдариялық азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларына үлкен қолдау болғаны анық. Жалпы ауданымызда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі - 94,1 пайызды құрап, былтырғымен салыстырғанда 18,4 пайызға артты. Ауданға қарасты Айдарлы, Амангелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елдімекендерін электр желілерімен жабдықтауға республикалық және облыстық бюджеттен 1,6 млрд.теңге берілді. Бұл ауылдарда электр желілері 100 пайыз толық ауыстырылатын болады. Мұнымен қатар, Сырдария ауданының ең үлкен ауылы – Шағанда электр желілерін жаңғырту жобасы қолға алынбақ. Қазіргі таңда оған 1,1 млрд.теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Сондай-ақ, бұл ауылдардың ішкі көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі,  - деді аудан әкімі.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: