Қызылордада бәйгеден ҚР чемпионатының оңтүстік аймақтық ІІ іріктеу турнирі ұйымдастырылды. Жарыстың салтанатты ашылуына Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев арнайы қатысты.
Қызылорда облысының әкімі Н. Нәлібаев жүйрік жаратып, ат баптау ұлтымыздың рухани болмысына, әдет-ғұрып мәдениеті мен өнердің тұтас бір бөлігіне айналғанын атап өтті.
«Соңғы жылдары аймақта ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алып келеді. Бүгінде облыста 16 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. Спортшыларымыз өткен жылы Қазақстан Республикасы чемпионаты мен кубоктарында, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында жеңіп алған медаль санымен соңғы бес жылдықтағы рекордты жаңартты. Бүгінгі республикалық бәйге жарысы да Сыр өңірінің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне жаңа серпін береді деп сенемін.Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмасын. Шабандоздардың тақымы тастай болсын!» —деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Сондай-ақ, салтанатты шарада сөз сөйлеген ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спорттың өркендеп, дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін жеткізді.
«Қазір ұлттық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Оған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда біз ұлттық спортты кәсіби және бұқаралық бағытта дамытуды қолға алдық. Ел аумағында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту үшін көптеген жарыстар ұйымдастырудамыз. Оның ішінде, ат спортының орны бөлек. Осы жылдан бастап көкпар ойындарын футбол тәрізді лига форматында өткіземіз, яғни, «Жоғары лига», «Бірінші лига» және «Екінші лига» форматы енгізілді. Келесі жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бұл – біз үшін мерейлі мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бүгінгі жарыс – алдағы Көшпенділер ойынына дайындық іспетті»,— деді Исламбек Төлеубайұлы.
ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, бәйгенің маңызына тоқталды.
«Ат спорты, соның ішінде бәйге – халқымыздың ежелден келе жатқан ең қадірлі дәстүрі. Жалпы, ат баптап, аламанға қосу салты —қанымызда бар. Ата-бабамыздан мұра болып қалған мәдениеттің, спорттың, кәсіптің түрі және асыл қазынамыз. Ал, оны қолдап дамыту және насихаттау бізге парыз болып саналады. Ендеше бүгінгі жарыста бақ пен бап сынаған азаматтарға сәттілік тілеймін!»,- деді Қанат Шоқанұлы.
Жарыстың көркін ашқан Аламан бәйгенің І орнын елордалық Алғыр есімді тұлпар жеңіп алып, бас жүлдеге тігілген автокөлікке ие болды. Қалған жүлделі орындарға қаржылай сыйлықтар табысталды.