Азық-түлік қауіпсіздігіне мониторинг жүргізілді

16
0

Қазіргі кезде сауда сөрелерінде азық-түліктің сан алуан түрі самсап тұр. Бір ғана нанның мыңдаған түрі, газдандырылған судың сан түрі, тоқаштың алуан түрі көздің жауын алады. Бірақ барлығы бірдей қауіпсіз бола бермейді, сапасы сын көтермейтін тауарлар да аз емес. Бірінің өндіру технологиясы бұзылған, енді бірінің сақтау мерзімі өтіп кеткен, денсаулыққа зиянды қоспалардан дайындалған өнімдер тағы бар. Тұтынушы дастарқанына осындай ағзаға айтарлықтай зиян келтіретін тағамдардың түспеуін қамтамасыз ету үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы өнімдер қауіпсіздігін үнемі бақылауда ұстайды. 

Қызылорда облысында өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу аясында 2023 жылдың қараша және желтоқсан айларында барлығы 158 өнімнің сынамасы сатып алынып, зертханалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мониторинг шеңберінде зерттеуге алынған сынамалар ішінде  отандық өнімдер- 4,4%, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерде өндірілген өнімдер- 64%, өзге елдерде өндірілгендер үлесі-31,6% құрады. 

"Ұлттық сараптама орталығы" Қызылорда облысы бойынша филиалымен жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша 158сынаманың 57%,  яғни 90 сынама техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеді. Атап айтқанда, микробиологиялық көрсеткіш бойынша – 5 сәйкессіздік, яғни консервіленген балық пен сары майдан ашытқылар деңгейінің жоғары екендігі және зең анықталған. Физикалық-химиялық көрсеткіш бойынша – 6 сәйкессіздік табылды, атап айтқанда, құс еті өнімдерінде ылғалдылық жоғары болса, сүт және сүт өнімдерінде май-қышқылдық құрамында өнімнен алынатын сүт майы, май қышқылдылығының үлестік қосынды пайызы белгіленген деңгейге сай болмай шықты. Таңбалануы бойынша – 84 сәйкессіздік, яғни өнім орамасында мемлекеттік тілде ақпараттар жоқ, өндіруші не құрамы туралы мәліметтер көрсетілмеген. Ойыншықтардан органолептикалық көрсеткіш бойынша 11 сәйкессіздік тіркелді, яғни ойыншықтарда мүлде бөтен иіс болмау қжет болса, 11 сынамадан өткір иіс байқалған. 

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өнімдерді сатып аларда келесі көрсеткіштерге мән беру қажеттігін еске салады:

-    өнімнің жарамдылық мерзімі;

-    сауда орындарындағы сақталу шарттарының орындалуы;

-    тауар орамасының бүтіндігі;

-    орамада өндіруші туралы, құрамы мен жасалған күні туралы мәліметтердің толық әрі анық болуы;

-    сәйкестік сертификаттарының болуы.

Тауарларды тек рұқсат етілген ұйымдастырылған сауда орындарынан алуға кеңес береміз.Қазақстанда сатылатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін мониторингілеу бойынша жұмыстар әрі қарай да жалғасатын болады.


Ерлан Ұзақбаев,

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары


Сурет ашық дереккөзден алынды.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: