Биылғы көктем еліміз үшін оңайға соқпай тұр. Он облыста бірдей төтенше жағдай жарияланып, отандастарымыз су тасқыны салдарынан зардап шегуде. Осынау қысылтаяң кезеңде қазақ халқы «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» үлкен ауызбіршілік танытуда. Су тасқыны болған аймақтарға еліміздің барлық облыстарынан қаржылай, гуманитарлық, тұрмыстық-техникалық көмек жөнелтілуде. Қызылорда облысы да бұл бастамалардан шет қалған жоқ. Түрлі көрсетілген көмектің аясында кәсіпкерлер де өз үнін қосуда.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелері Кеңес төрағасы Ерлан Раимовтың бастамасымен алғашқылардың бірі болып су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қаржылай қолдау білдірді.
Сонымен бірге, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының «Іскер әйелдер кеңесі» мүшелері кеңес төрағасы Наталья Мишукованың бастамасымен су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына материалдық қолдау көрсетілді. Аталған қаржы резеңке қайық, етік және еріктілерге азық-түлік алуға жұмсалды. Сонымен қатар, Наталья ханым Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы ретінде де барлық өңірлерде көтеріліп жатқан бастамаға қосылып, қауымдастықпен бірге Ақтөбе облысына қаржы аударды.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшесі,
Q-MED желісінің негізін қалаушы Раушан Базарбай ұжымымен бірге төтенше жағдай жарияланған аймақтарға мың дана медициналық дәрі-дәрмек пен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған құрал-жабдықтар жиынтығын, жалпы құны 4 млн 570 мың тұратын гуманитарлық жүк жіберді.
Сондай-ақ, Өңірлік кеңес мүшелері, «Абай Дәулет» ЖШС басшысы Мұрат Сәрсенбаев қауіпті аймақтарға, дәлірек айтсақ Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының тұрғындарына 20 тонна жем-шөп және Қызылорда қаласынан батыс өңірлерге аттанған 10 жүк көлігімен бірге тағы да 20 тонна жем-шөп пен азық-түлік жіберсе, «КВАНТ» ЖШС директоры Жаңабай Бекішев құтқару жұмыстарына қажетті құрал-саймандар мен қаржылай көмек және «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев 3 тонна күріш жіберді.
Жас кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы өзінің ЖК «Әділет» ұжымымен бірге азық-түлік және өздерінен шығарылатын сабын мен кір жуғыш ұнтағының бір күндік өнімін Ақтөбе облысына жөнелтті. Қазіргі таңда, Палатаға орта және шағын кәсіп иелері өз мүмкіндіктерінше көмек көрсеткісі келетінін айтып, хабарласуда.
Айта кету керек, өңіріміздің уран өндірісімен айналысатын бетке ұстар ірі компаниялары облыс әкімдігінің бастамасымен су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 100-ден аса техника жөнелтті.
Осынау қиын-қыстау кезеңде бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Сурет Қоғамдық даму басқармасынан