Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Б.Артаевтың бұйрығына сәйкес, Алмас Өтешов ауыр атлетикадан ересектер арасында облыстың аға жаттықтырушысы болып тағайындалды деп хабарлайды Insight-el.kz басқармаға сілтеме жасап.
Алмас Дәулетярұлы – Ауыр атлетикадан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы.
2025 жылдың ақпан айында басқармаға қарасты «Мұз айдыны» мекемесінде әдіскер, сол жылдың маусымынан бері олимпиадалық резерв даярлау орталығы директорының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды.
Ендігі кезекте Алмас Дәулетярұлы облыста ауыр атлетика спорт түрін дамытуға және спортшылардың тұрақты түрде әлемдік додаларға қатысуына жауапты болады.