Қазақстанда ауасы қатты ластанған қалалар белгілі болды

23
0

Еліміздегі 4 қаланың атмосфералық ауасы жоғары деңгейде ластанған. Бұл туралы ҚазАқпарат Ranking.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ranking.kz мәліметінше, соңғы 5 жылда атмосфералық ауасы жоғары деңгейде ластанған қалалар - Астана, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау.

Мәселен, Астанада ауаның ластануына себеп болған негізгі факторлар – жылу энергетика кәсіпорындарының шығарындылары.

Сонымен қатар, елорда ауасының сапасына көліктер де теріс әсер етіп отыр.

Қарағандыдағы жағдай да Астанаға ұқсас. Мұнда қыс мезгілінде жылыту компаниялары мен жеке сектордың шығарындылары ауаны ластап жатыр.

Бұған қоса, аталған шаһар аумағында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан.

Ал Теміртауда жылдың кез келген мезгілінде ауа ластана береді. Оған қаладағы өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорындардан бөлінетін зиянды қалдықтар себеп.

Бұл бағыттағы экологиялық мәселелерді шешу үшін инвестиция қажет екені түсінікті.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2018-2021 жылдар аралығында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция көлемі өскен. Алайда, былтыр қаражат көлемі айтарлықтай қысқарған.

Атап айтқанда, өткен жылы қаңтар-желтоқсан аралығында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция бірден 50,8%-ға төмендеп, 80,6 млрд теңге болды.

Жалпы алғанда, 2018-2022 жылдар аралығында экология мәселесін шешуге бөлінген инвестиция 600 млрд теңгеге жеткен.

Ал мұның алдындағы бес жылдықта, яғни 2013-2018 жылдары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қаражат 235,9 млрд теңге болған еді.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: