Францияда кейінгі 60 жылда болмаған құрғақ қыстан кейін қуаңшылық басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат France 24-ке сілтеме жасап.
Метеорологтар елде 32 күннен бері жауын-шашын болмағанын айтып, дабыл қағуда.
Meteo France агенттігі мәліметінше, әдетте қыстағы жауын-шашын есебінен жерасты сулары толығады.
Хабарланғандай, мұндай құрғақшылық пен жауын-шашынның болмауы соңғы рет Франция Республикасында 1959 жылы, яғни 64 жыл бұрын тіркелген. Сондай-ақ 2022 жыл Франция үшін ең ыстық кезең болғаны атап өтілуде.
Meteo France агенттігі Францияның оңтүстігіне жақын күндері жауын жауатынын және алдағы үш ай ел үшін шешуші мезгіл болатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Франция мұндай мәселеге тап болған Еуропадағы жалғыз ел емес.
Еуроодақ климатологтарының айтуынша, өткен ай Еуропа тарихында тіркелген үшінші ең жылы қаңтар болған. Ал Жаңа жыл күнгі ауа райы континенттің кей бөлігінде рекордты көрсеткішке жетті.
Құрғақшылық салдарынан егін қурап, ормандар өртеніп, континенттің энергожүйесі мен су қорына ауыртпалық түсіп жатыр.
Кейінгі ұлттық гидрологиялық зерттеу бойынша, қуаңшылыққа тап болған Еуропа елдерінің бірі Испанияда су қоры кейінгі он жылдағы 60,8 пайыз көрсеткіштен орташа 50,7 пайызға дейін төмендеді.
Бұған дейін Италия да құрғақшылықтан зардап шегіп отырғаны хабарланған. Құрғақ қыс салдарынан Венецияның кейбір каналдары кеуіп кеткен.
Сурет: france24.com