Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдар қабылданды, деп хабалайды Insight- EL.kz ақпарат агенттігі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
«Аталған заң жобалары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Бұл заңдар барлық азаматтардың, оның ішінде қоғамның ең осал мүшелері саналатын әйелдер мен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда қалқан болуға, мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін жетілдіруге, қоғамдағы тәртіп бұзушылыққа байланысты жауапкершілікті күшейтуге арналған. Ең бастысы қоғамымыздың негізі отбасындағы береке-бірлікті нығайту құндылықтары енгізіліп отыр», — деді заң жобалары туралы баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Заңмен:
— тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік бере отырып, оларға қолдау көрсету бөлігінде Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттерін нақтылауға;
— денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібін реттеуге;
— қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп жіберуге тыйым салынатын балалардың (он алты жасқа толмаған адамдардың) жасын анықтауға;
— 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап тиіскені үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуге;
— сотталған немесе татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдарға сот белгілеген ерекше талаптарды қолдану шараларын нақтылауға бағытталған бірқатар түзету енгізілді.
«Бұл заңдарды қабылдау еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қоғамның әрбір азаматының құқықтары қорғалатын қауіпсіз, әділ әрі құқықтық қоғам құрудың маңызды қадамы деп білеміз», — деді ол.
Сурет ашық дереккөзден алынды