Қызылордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерін сақтау бөлігінде кейбір нарық субъектілерінің сауда үстемесінің шекті мәнін асырып сатқан фактілер анықталды. Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде 49 кәсіпкерлік субъектілерінен заң бұзушылықтар анықталып, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4 бабының 1 тармақшасына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 8 кәсіпкерлік субъектілерінен заңбұзушылықтар анықталмаған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялыр қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимырзаев мәлімдеді.
БАҚ өкілдерімен болған брифингте Нұрлыбек Шонжарұлы бұдан бөлек департаменттің 5 айында атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы да сөз етті.
Оның айтуынша департамент сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларында Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» және Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңдарына сәйкес өз өкілеттігі шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарған.
Мәселен, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында өткен жылы тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы туралы – 114 өтініш келіп түссе, биылғы жылдың 5 айында тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы туралы – 203 өтініш келіп түскен.
− Аталған өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен 60-өтініш қанағаттандырылды, 10-өтініш түсіндіріліп, 71-өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Нәтижесінде тұтынушыларға барлығы 6,4 млн.теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасалды. Есепті кезеңде департаментпен 17 нарық субъектісіне тексерулер жүргізіліп, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды,−деді ол.
Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 тоқсанында "Сапалы өнім" жобасы қоғамдық тұжырымдамасы аясында ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қорғау мақсатында сапасыз және қауіпті тамақ өнімдерін анықтау мақсатында Ресей Федерациясында өндірілген сүзбелер (Простоквашино 2,5%), кілегейлі сүттер, ультрапастерленген сүттер, қаймақтар, балалар кондитерлік өнімі, шикі ысталған шұжық, сүт шоколады жабылған печенье (барлығы – 26 өнім) сауда үйлерінен сынақ өткізу мақсатында сатып алынып, «Ұлттық сараптама орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалымен сараптамадан өткізілген. Сараптама қорытындысымен 5 өнімнен, атап айтқанда қаймақ, сүзбе және шикі ысталған шұжық өнімдерінен таңбалаудағы сәйкестіктер және мемлекеттік тілде ақпараттар жоқтығы анықталып, қалғандары талаптарға сай келді.
−Айта кету керек, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында проблемалық мәселелер де бар. Атап айтсақ, көптеген жағдайларда департаментке өтініш білдірген тұтынушылардың арыздарында сатушы туралы дерек көрсетіле берілмейді. Өйткені, тұтынушы сатушыға ақшасын төлегенде тауарлық чек талап етпейді, ал сатушы чек беру міндетін орындамайды. Осыған сәйкес департамент тарапынан сатушының кім екенін және қандай субъектіге жататындығын анықтау қиынға соғады.
Сонымен қатар, айта кету керек заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, қазіргі таңда Мәжілісте қаралуда. Аталған заң жобасына сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Омбудсмен мәртебесі Қазақстан тұтынушыларының құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі проблемаларды мемлекеттік биліктің жоғары деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді, −деді Нұрлыбек Шонжарұлы.
Департамент алдағы уақытта өз құзыреті аясында әрбір облыс тұтынушыларының көтерген мәселелерін заң шеңбері аясында оң шешілуі бағытында жұмыстарын жүргізе бермек. Сондай-ақ, департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында құқығы бұзылған тұтынушыларға заңдылық тұрғысынан тегін кеңестер беруге, сатушыларға наразылықтарды дайындауға, сотқа талап арыздар әзірлеуге әрдайым көмек беруге дайын екендіктерін жеткізді.
Сурет Өңірлік коммуникациялар қызметінен